24.01.2020, 12:43
Оқылды: 20

Ұялының шаруалары несиені тиімді пайдалануда

Бөкей ордасы ауданында ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулері қорытындылануда. Дәстүрге айналған бұл есеп беру жиыны шалғайдағы Ұялы ауылынан басталды.

 orda u (2)

Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлан Рахымжанов есептік кездесудің мән-маңызына тоқталып, кез келген түйткілді мәселенің түйіні осындай басқосуларда тарқатылып, күрделі шаруаның күрмеуі шешілетінін айтып, ауыл тұрғындарының белсенді болуға, сергек қарап, ауыл мәселелерін ортаға салуға шақырды.

Ауылдық округ әкімі Бақытжан Оразғұлов, учаскелік инспектор Жеңіс Әмірұлы өткен жылы атқарған істері бойынша ауыл тұрғындары алдында есеп берді.

1194 тұрғыны бар округте 70 жұмыссыз тіркеліп, 455-і өзін өзі қамтамасыз етуде. Тек өткен жылдың өзінде бір тойхана, бір фотосалон, бір дүкен ашылып, үш шаруа қожалығы 74 млн. теңге несие алып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр екен. Бұлардан басқа алты адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен үш миллионнан астам теңгенің, бес адам 14 миллион жарым теңгенің несиесін алып, өз кәсіптері мен мал шаруашылығын дамытуға жұмыстануда. Алпыс төрт адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген, шартты түрі тағайындалған отбасылар малды болып, аяққа тұрған.

orda u (3)

Бақытжан Оразғұлов әлеуметтік мекемелердің қысқы жылыту мерзіміне дайындығы, есепті мерзім ішінде жиналған салықтық түсімдерді таратып айтып өтті. Есепті кезеңде екі миллионнан астам салықтық түсімдер түскен екен. Бұл қаржы көшелерді жарықтандыруға, көгалдандыруға, қоқыс контейнерлерін орнатуға, жол белгілерін орнатып, қаңғыбас иттерді атуға жұмсалған екен.

Бұдан кейін аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен даму жоспарын ортаға салды.

Жарыссөзде сөз алған ауыл тұрғындары ауыл әкімінің жұмысына баға берумен қатар, бірқатар мәселені де көтерді.

 Ұлпан Жакина

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале