Жуырда Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын мемлекеттік қызметкерлер арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Bilim orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Жылдың үздік ауыл әкімі» атты республикалық байқауда бақ сынаған Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округі әкімі Саягүл Галиева жеңімпаз атанды.
Іскер әкімге арнайы төсбелгі табысталып, «Қазақстан Республикасының үздік ауыл әкімі» республикалық энциклопедиясына жарияланды.
Аталмыш додада жерлесіміз республика бойынша отыз үздік ауылдық округ әкімінің қатарына енді. Ол кітапта Амангелді ауылының әлеуеті мен әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалған. 2020 жылдан бастап әкім қызметін атқарып келе жатқан Саягүл Мәулетқызы амангелділіктермен бірге иық тіресе тынымсыз қызмет жасауда.
Демеушілерді тарту мен халықтың бірлігін нығайту жолында ауыл әкімі аянбай тер төгіп келеді. Ауылдың кіреберісіне 26 бағана орнатылып, қазіргі таңда жарқырап тұр. Ауыл ішіндегі саябақтар ретке келтіріліп, алма бағы салынды. Мәдениет үйі, ауыл мектебі секілді ғимараттар жаңаша кейіпке еніп, ауылға сән беріп тұр. Ауылішілік көшелерге тас жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған. І Шежін ауылына балалар алаңы салынып, қазіргі таңда бүлдіршіндердің жиналатын орынына айналды. Жасағанынан жасары көп ауыл әкімі Саягүл Галиеваның алдағы уақытта да биік белестерден көрінеріне жерлестері сеніммен қарайды. Қызметте еңбекқор, алғыр әкім болып танылса, ал отбасында қос бүлдіршіннің ардақты анасы.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz