Аналар күніне орай Бөкей ордасы аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен әуесқой және кәсіби кондитерлер арасында «Үздік кондитер – 2024» атты байқау өтті.
Бөкей ордасы колледжінде өткен шараға Сайқын және Бисен ауылдарынан 6 кондитер қатысты.
Тәтті шеберлері сынға түскен сайыс үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезең «Үй тапсырмасы» деп аталды. Бұл сында қатысушылар үйге берілген тақырып бойынша торт жасап әкелді. Қазылар алқасы әр тортты мұқият саралап, дәмін көріп, эстетикалық тұрғыдан безендірілуін, т.б талаптар бойынша бағалады. Аналар күніне орай ұйымдастырылған соң үй тапсырмасының тақырыбы да анаға арналды.
Екінші кезең «Ерекше эклер» деп аталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі тек ұйымдастырушылар ұсынған қоспаларды қолдану арқылы эклерді жасап шығаруға тырысты. Қатысушыларға 20-30 минут арасында уақыт берілді.
«Тез әрі тәтті» атты үшінші кезеңде қатысушылар печенье үгінділерінен 15 минуттың ішінде «Картошка» тәттісін жасады.
Үш кезең бойынша да қатысушыларға Бөкей ордасы колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрсұлу Хамидуллина, жеке кәсіпкер әрі кәсіби кондитер Диляра Ғабдуллина, «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Есмағұловалар төрелік етіп, әділ бағасын беруге тырысты.
Әр жүлде иесіне 30, 20, 10 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік танытқан жергілікті кәсіпкерлер Диляра Ғабдуллина мен Бибігүл Лұқпанова екенін айта кетелік.
Тартысты да қызықты өткен байқауда бисендік Гүлпат Жұмағалиева жеңімпаз атанды. Қазылар алқасы Гүлпаттың үй тапсырмасы бойынша дайындап әкелген тортты жоғары бағалады. Торттың үстіңгі қабатындағы шардың ішінде мастикадан ана мен бесікте жатқан сәбиінің мүсінін асқан шеберлікпен жасапты.
Екінші орынды және 20 мың ақшалай сыйлықты сайқындық танымал кондитер Ажар Құрымбаева иеленді. Ажардың да көрерменнің ықыласына бөленген «Маймыл және балалары» атты мултфильмнің кейіпкерлерін шеберлікпен мүсіндеп, таңқалдырды.
Үздік үштікті сайқындық Гүлнұр Әлиева түйіндеді. Оның да қолынан шыққан торттың дәмі мен сыртқы безендірілуі де көптің көңілінен шықты.
«Ең шығармашыл кондитер» аталымына Ләззат Халенова ие болса, «Ең ұқыпты кондитер» Асылғаным Ғұбайдуллина, «Ең шапшаң кондитер» Ботагөз Жұмабай атанды.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы