Өткен аптада Тасқала ауданы Шежін мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде 8-10 сынып оқушылар арасында «Үздік пікірсайысшы - 2022» аудандық пікірталас ойыны өтті.
Аталған іс-шараға аудан мектептерінен құралған 14 команда қатысып, барлық кезеңдері америкалық парламенттік формат бойынша өткізіліп, өзара үздіктерді анықтады. Аталған іс-шараны аудандық білім беру бөлімінің мектептен тыс жұмыс орталығы, аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырды.
Мақсаты - өскелең ұрпақтың қазақстандық патриотизмі мен азаматтылығын қалыптастыру, оқушылардың бойында жауапкершілік, туған өлке мен елдің мәселелерін талқылауға және шешуге қатысты ұсыныстарын ескеру, пікірсайыс қозғалысын дамыту, насихаттау және қолдау. Аудан көлемінде кеңінен дамып келе жатқан пікірталас ойынында құрамалар өздерінің интеллектуалды, конструктивті пікір таластыруға, ойларын жүйелі дәлелдеп жеткізуге төселіп келе жатқандығын көрсетті.
Пікірталас ойының қорытындысы бойынша «Үздік оратор» номинациясына Оян мектеп-бөбекжай-балабақша кешені «Тұмарлы ой» фракциясының спикері Танашова Гүлфия, «Дебаттық креатив» номинациясына мектептен тыс жұмыс орталығының «Жалын» фракциясының команда капитаны Жұмабай Арнұр, жүлделі ІІІ орынға «Сәулет» мектеп-лицейінің «Тұмар» фракциясы, ІІ орынға Шежін мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің «Қыран» фракциясы, І орын, «Үздік пікірсайысшы - 2022» атағын Қ.Сәтбаев атындағы ЖОББМ «Мұрагер» фракциясы жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен марапат қағазы, оқушыларды дайындаған жетекшілеріне алғысхат берілді. Іс-шара соңында дебат клубының жетекшілері алдағы ойындар мен жарыстардың бағыттары бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Меңдібек Нұрболатұлы,
Тасқала ауданы