Бүгін Жаңақала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «SARY ARKA» мейрамханасында «Жыл үздігі-2025» үздіктерді марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті.

Оған аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Алдымен Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау лебізін жолдап, жаңақалалық жастардың облыс көлемінде алдыңғы шепте екенін айтып өтті. Сондай-ақ ол: -«Биыл жастарға арналған жаңа ғимарат бой көтеріп, ол жерде түрлі бағыттағы маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып, ел болашағы – жастар жан-жақты дамуына үлкен үлес қосуда. Бұл нысан – жастардың басын қосатын шығармашылық пен білімнің, идея мен игілік бастамаларының алаңында айналды. «Жұмысшы мамандықтары жылында» да жерлестеріміздің жетістіктері баршамызды қуантады. Келер жылы да осындай биіктерді бағындыратынымызға сенімдіміз, - деді.

Содан соң аудан әкімі білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет пен кәсіпкерлік сынды түрлі салаларда табысқа жетіп, ел алғысына бөленіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Тоқтала кетсек:
Базаркүл Батрашева - «Үздік жас ұстаз»;
Алмат Тұрғанбай - «Үздік оқушы»;
Ақерке Ғабдуллина - «Үздік жас кітапханашы»;
Алпамыс Қаменов - «Үздік жас кәсіпкер»;
Жанаргүл Дүйсенғалиева - «Үздік жас балабақша тәрбиешісі»;
Нұрлыбек Мырзабеков - «Үздік жас газ саласының қызметкері»;
Ақниет Есімов - «Үздік жас электр саласының маманы»;
Райымбек Жолдығалиев - «Үздік жас өрт сөндіруші»;
Темірлан Сыралиев - «Үздік жас өнерпаз»;
Айнара Шакират - «Үздік студент»;
Мерхан Демеуов - «Үздік жас спорт жаттықтырушысы»;
Мақсат Сағатов - «Үздік жас спортшы»;
Айгерім Қожахметова - «Үздік жас дәрігер»;
Жайнагүл Жасқайратова - «Үздік жас медицина қызметкері»;
Бекзат Кеңес - «Жыл жаңалығы» аталымдарына лайық деп танылды.Сонымен бірге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ерасыл Ахметов Тілек Бақтығалиев, Досжан Болатов, Ернұр Жұмасейіт және Әділжан Сисенбаев сынды белсенді жастарға аудандық деңгейде өтетін іс-шараларға демеушілік танытып, қолдау көрсетіп жүргендері үшін алғысхат табыс етті.

Марапат иелері де өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, ел сенімін ақтау үшін әлі де тынбай еңбек етуге уәде берді.

Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сазды бағдарламаларын ұсынып, мейрамхана ішін әсем әуенге, мерекелік көңіл-күйге толтырды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы