Таяуда 8-11-сынып оқушылары арасында «Үздік пікірсайысшы – 2022» облыстық пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңі оздырылды.
Облыстық, аймақтық пікірсайыс турнирлерде бой көрсетіп жүрген бәйтеректіктер биыл да жоғары межеден көрінуі керек. Ал, оған мықты дайындық қажет. Сол себепті де аудандық сайыс әдеттегідей тартысты өтті. Бұл жолы сайысқа 11 қазақ тілді және 7 орыс тілді фракциялар қатысып, облыстық кезеңге жолдама алу үшін бақ сынасты. Турнир іріктеу, ширек финал, жартылай финал және шешуші финал сынды бірнеше кезеңнен тұрды.
Қатысушылар «Қазіргі заманғы бағалау жүйесі БЖБ және ТЖБ-ны қолдайды», «Туған елде тұрып, жұмыс істеу - дарынды жастардың таңдауы», «Сапалы медициналық қызмет тегін болуы тиіс» деген сияқты өзекті мәселелер бойынша берілген тақырыптар аясында сынға түсті. ойкөкпардың керемет үлгісін көрсете білді. Әділқазы алқалары финалға жолдама алған қос фракцияға жаңадан тапсырма беріп, оқушылардың ой ұшқырлығын, ақпарат іздеудегі жылдамдығын, логикалық тұрғыдан ойлау қабілетін, шешендік өнерін жан-жақты саралап, тексерді.
Нәтижесінде қазақ лигасы бойынша Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының намысын қорғаған «Алаш» фракциясы үздік болды. Орыс лигасы бойынша Трекин №1 ЖОБМ оқушылары топжарды. Олар облыстық пікірсайыс турнирінде аудан намысын қорғайтын болады. Ал «Үздік спикер» аталмына Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Назкен Саматқызы және Трекин №1 ЖОБМ 9-сынып оқушысы Ерік Жаншеев лайық деп танылды.
Мәдина ИБРАГИМ,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz