Бүгін Шыңғырлау аудандық «Дән» мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Шараға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, шаруа қожалығының өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова баяндамасында Шыңғырлау ауданы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерді саралай келе, қысқы мал азығы 124,7 пайызға орындалғанын, аудан бойынша 4 342 га майлы дақылдар алқабынан 3787,2 тонна өнім алынып, мал басының өткен жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға өскенін, соның ішінде асыл тұқымды мал басы артқанын ерекше атап өтіп, ауыл шаруашылық саласында жетістікке жеткен шаруа жандарды марапаттады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен «Нұрсұлтан» ШҚ басшысы С.Кабаков пен «Өнім» ШҚ-ның мал бақташысы Қ.Өмірғалиев марапатталды.
Ал «Мирлан» ШҚ басшысы Б.Сұлтанғалиева мен «Бауырым» ШҚ басшысы Ә.Алмағамбетов Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталса, бірқатар аудан азаматтарына аудан әкімінің алғысхаттары табыс етілді.
Сонымен қатар, «Үздік бақташы», «Үздік шопан», «Үздік жылқышы», «Үздік механизатор», «Үздік ветеринар», «Үздік асыл тұқымды ірі қара малдарын өсірумен айналысатын шаруашылық», «Мемлекеттік ауыл шаруашылығы бағдарламасына белсенді қатысқан үздік ауылдық округі», «Үздік фермер», «Үздік жас фермер» және «Үздік мал азығын дайындаушы шаруашылық» аталымдарға ие болған жандарға да марапаттар ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қ.Абдрахманов та Ауыл шаруашылығы күнімен құттықтап, «Байқатов» ШҚ басшысы Ж.Байқатовқа, жеке кәсіпкер Р.Камзаевқа Құрмет гарамотасы мен Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының атынан алғысхаттар табыс етті.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінінің көркемөнерпаздары дайындаған әсем әндермен жалғасты.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz