Дихан қауым жаппай жерге кетпен салған көктем кезеңінде теректіліктердің жақсы бастамасы – ұжымдық көкөніс-бақша салу жайында жазған болатынбыз. Бірінен бірі кем қалмай, ұжым болып жер жыртып, дақыл тіккен ағайын күзде сол еңбегінің жемісін татты.
Мысалы, Ақсоғымның іргесінде орналасқан Қарасу көлі жағасына ауылдағы 12 отбасы бірігіп, 1 гектар жерге көкөніс, картоп отырғызды. Іргелес жатқан шағатайлықтар олардан аса түсіп, 51 отбасы 2 гектар жерге картоп салған. Ақжайық ауылында орманшылар 1 гектарға, әкім аппараты қызметкерлері 0,7 га жерге бақша салыпты.
Көлемі жағынан ірі Подстепное округінде ұжымдасқан халық 8 га жерді игерген. Аудан орталығындағы ұжымдар тіптен, 14,5 га жерге бақша салған. Ұзынкөлдіктер 1 га жерге картоп салса, новопавловтық «ұжымдастар» 3,5 га жерге картоп пен көкөніс өз алдына, қауын-қарбыз да тіккен көрінеді.
Жалпы, аудан бойынша 46,55 га жерге ұжымдық бақша салынған. Бақша салар алдында оны суару жағы да ойластырылған.
Бабырау көл басына бақша салған шағатайлықтар суды 500 метр жерден электр су сорғымен тартады. Барбастау өзені бойына кетпен салған подстепныйлықтар суды биылдыққа сорғымен айдап, тұрба тартқан. Алдағы көктем бақша суаруды тамшылатып суару әдісіне көшкісі келеді. Ал, ол үшін біраз қаржы керек сыңайлы.
Су жағалай жатқан ауылдарда шығым жаман болмаған сыңайлы. «Балапанды күзде санайды» деген. Ұжымдық бақша салғандардың қаптап санап алары бар.
Жиын-терін аяғында есептеп келгенде, 18,1 га алқапқа салған картофельден 242,5 тонна өнім алынған. 21,75 га жерге тігілген көкөністен 133,8 ц/га шығымдылықпен 291 тонна қияр-қызанақ сияқты дәруменді өнім алынған. 6,7 га жерге салынған бақшалық дақылдардан 90,4 тонна түсім бар.
«Күтімді егін бітімді» демекші, жаздай кетпен арқалап, жақын жатқан су басындағы бақшасын айналдырған «ұжымдастар» өзара бөлісіп, қыстық азығын жинақтап алды. Бақшаны жинай сала, алдағы жылды да ойлаған олар «келесі жылы алқапты молынан игерейік» деседі. Биылғы жылы ауылдастарының тамыр тартып, тарықпай жинағанын көзбен көргендер ішінде «келесі жылы ұжымдық бақша салуға мені де алыңдаршы» деушілер бар көрінеді.
Биыл 1 га жерге ұжымдық бақша салған ақсоғымдықтар алдағы көктемге деп 3 га жерді жыртып, дайындап алуды жоспарлап отыр. Федоров ауылдық округі тұрғындарының бақшасына Шөптікөл тоғаны жағасынан 6 га жер жыртылған, дайын тұр. Ақсуат және Новопавловка округтерінде осы мақсатқа 3 гектардан, Богдановка, Приречное, Долин округтерінің әрқайсында 4 гектардан жер жыртылған. Жалпы, қай округте болмасын, «ұжымдық бақшаға» бөлінген жер көлемі кеңейгені анық көрінеді. Биыл аудан бойынша 46,55 гектарға салынған ұжымдық бау-бақшалар келер жылы 53 гектарға салынады екен.
Биыл ұжымдық бақша салуға белсенді қатысқан Подстепное ауылының тұрғыны Берік Нығметов:
-Көктемде жігіттермен бірігіп, бақша салдық. Бақша салуға жер беріп, жағдай жасаған ауылдық округ әкімі Сержан Мәдиевке ризамыз. Биыл тек картоп қана салдық. Қопсыту, суару, зиянкестерден улау сияқты шараларды қолдандық. Бірақ, өнім ойдағыдай болмады. Ол тұқымнан ба, әлде баптауымыз дұрыс болмады ма, әйтеуір өзіміз отбасымызға жетер- жетпес өнім алдық. Өзіммен бірге кетпен тартқан ұжымдасым Серік Өтепқалиев, Жәдігер Нұралин нағыз еңбекқор жандар. Аулада аздап көкөніс салғанымызбен, алқапқа салуда тәжірибеміз жоқ қой. «Көш жүре түзеледі» деп, алдағы көктемде жер берілсе, тағы да бақша салмақ ойымыз бар. Ендігі жылы көкөніс те салып көреміз,- дейді.
Осы істің басы-қасында жүріп, ауылындағы барлық ұйымдастыру шараларын иығымен көтерген Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Руслан Ихсанов:
- Біз биыл Барбастау өзенінің жағасына ұжымдық бақша салдық. Көктемде тың жатқан жерді таңдап, ауылдағы балабақша мен әкім аппараты қызметкерлері бірігіп, картоп салдық. Жаздай түптеп, арамшөбін отап, күтім жасадық. Биылғы өнім жаман болған жоқ. Он бес қапшықтай картоп жинап алдық. Алған өнімді қыл үстінен бөліп, ауылдағы аз қамтылған, жалғызілікті қарияларға да «аққұласын» береміз деген шешімге келдік. Тың жерге салынған картоп асыра көп болмағанмен ірі, шығымы жақсы. Көктемде ұжымдық бақша салуды қолға мықтап алып, тек картоп қана емес, көкөніс те саламыз деген жоспарымыз бар.
Ұзынкөл - өзімнің туған ауылым. Сондықтан, жер жайын, адамдарын жақсы білемін. Осындай тұрғындар бақша салатын жер біздің ауыл маңында менің бала кезімде де болған. Алдағы жылы ұжымдық бақшаны сол жерге салмақпыз. Ауылдасымыз Александр Каравай өз шаруашылығындағы Т-150 тракторын беріп, 3 га жерді жыртып тастадық. Оның 2 гектарына қарбыз-асқабақ, тәтті бұрыш, қияр-қызанақ саламыз деп, алдын-ала келісіп қойды екі азамат, - деп отыр.
Осы жақсы бастамаға қатысушылар саны да артады деген ойдамыз.
Алыстағы ағылшындардан бізге жеткен, тіке тәржімаласақ, «Жаңаның бәрі бір кезде ұмытылған ескіден шығады» деген қанатты сөз бар екен. Жаны бар сөз. Кезінде кеңестік өмірді көрген, жас ортасынан ауған ағайын осындай бақшалардың әр қала маңында, ауыл шетінде болғанын ұмыта қоймаған шығар. Көктемде күрек-кетпенін арқалаған жұрт күздің күні қап-қап өнім жинап, тасып алатын. Қазір қала маңындағы алқаптар саяжайға айналып, жеке меншікке өтіп кетті. Ауылдық жерлердегі ұжымдық алқаптарды алабота-арамшөп басып, су жүретін арналары топыраққа толды.
Қазір сапалы өнімге деген сұраныс өте жоғары. Азық-түлік бағасы да көтеріліп барады. Ал, бақша салу «екі қоянды бір оқпен атып алуға» мүмкіндік берері сөзсіз. Біріншіден, өз отбасын экологиялық таза өніммен қамтамасыз етесіз. Екіншіден, өзіңіз өсірген көкөніс-картоптың бағасы сіз үшін қымбат болмайды.
«Қыстың қамын жаз ойла» деп, қазірден бастап алдағы көктемде бақша салуды жоспарлай беріңіз. Жәй ойлап қана қоймай, ерте бастан қамданып, округ әкімдігіне «ұжымдық бақша салуға қатысамын» деп, тіркеліп қойыңыз.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz