27.03.2024, 16:30
Оқылды: 35

Үзілдікке бәрі не үшін тәнті?

Ынталанған адамның қолынан бәрі келеді емес пе? Оның үстіне өнерге,  білімге деген құлшынысы ерекше болса. «Жігітке жеті өнер аз» деген аталы сөзді де қазағым жиі айтады. Ал қыз баласына байланысты тіпті керемет теңеулер де халық арасында өз орнын тауып айтылып жүр. Он саусағынан өнер тамған қыздарымыз бұрымдары мың бұралып, шашбаулары сыңғырлап, іс тігіп, киім пішіп, ою-өрнек салған. Ал қазіргі дамыған заманда небір технологиялар мен интернет жетістігін жақсы меңгерген білімді, өнерлі қыздарымыздың  таланттары таңдай қақтырып келеді емес пе?

Үзілдік2

Бұл мақаламызға негіз болып отырған кейіпкер, шыңғырлаулық - Үзілдік Орынғалиева. Шоқтыбайдың тумасы, туып-өскен жерін үнемі мақтан тұтатын өнерлі қыз, мектепте үздік оқып, көркемөнерпаздар үйірмесінің маңдай алды бір мүшесі болып көзге түсетінді. Белсенділігі тағы бар, барлық қоғамдық жұмыстың ортасынан табылатын кішкене қыздың өзіндік бір өмірлік ұстанымы болатын. Алдағы күндерге талпынып, армандарын жел қайық қылып мінген қыз ұстаздық жолды таңдаған. Орал қаласынан педагогикалық колледжді тәмамдап, қайтадан Шыңғырлауға оралып, еңбекке араласады.

Міне, бүгінгі таңда еселі еңбек етіп, ана атанып, тату-тәтті отбасына ұйытқы болуда. Үзілдіктің бір қасиеті - ойға алған қандай ма болмасын ісін орындамай тыным таппайды. Қандай шаруаны да тындырымды атқарып, шаршау дегенді білмей, бәріне үлгеріп жүгіріп жүргені.

Үзілдік1

- Өзім кішкене кезден ұстаз боламын деп армандадым. Себебі менің өмірімде ұзтаздарыма деген құрметім ерекше еді. Оларды үлгі тұтып, олардан үйренерім өте көп болды. Тәлім-тәрбиесі үшін мың алғыс. Сонымен қатар үнемі балалармен жұмыс жасау, оларға сабақ үйрету мен үшін ең бір керемет қызмет. Оған қоса менің патриоттық сезімім, еліме деген құрметім, туған жеріме деген ризашылығымды осылай білдірсем деймін. Қазіргі таңда бала күтімі демалысында отырғаныммен, отбасымның қолдауына сүйене отырып, балаларға қосыша сабақ беруді ұйғардым, - дейді екі баланың анасы Үзілдік.

Өткен жылдың қараша айында аудан орталығында «Інжу» білім орталығын салтанатпен ашып, көп уақыт өтпей-ақ талай ата-ананың алығысына бөленді. Бұл ісі бір жағынан үйде отырған өзі сияқты анаға материалдық табыс әкелуде және өзіне ұнайтын жұмыстан қол үзбеуге керемет мүмкіндік болды. «Інжу» білім орталығында күн сайын онға жуық төменгі сынып оқушалары келіп, сабақ алады. Кәдімгі мектеп бағдарламасына өзіндік бір жаңашылдық әдістерін қосып оқып, балаларды қызықтыра біледі. Әсіресе оқу жылдамдығын арттыру, жазып-сызуға, есепке машықтану, үй тапсырымасын орындау үшін де балалар көп келеді. Соған қоса төменгі сыныптағы оқушыларға қазақ тілін үйретіп жүр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Үзілдік қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады. Бұл оның жанына жақын әрі сүйікті хоббиі, әрі табыс көзін молайтқан түрі.

Сабағынан бос кездерінде сұраныс бойынша қолөнер бұйымдарына тапсырыс қабылдайды. Және оларды асқан бір шеберлікпен, сүйспеншілікпен орындайды. Кеше  ғана Үзілдіктің қолынан шыққан тамаша сый - кәделердың тағы бір легі тапсырыс берушілеріне жол тартты. Әрбір шыққан дүниесіне өзінің жақсы тілегін де қосып бергендей күйде табыстап жүргені де жұртқа ұнайды.

А.Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале