Біз бүгін вакцинация және оның маңыздылығы жайында айтамыз. Иә, коронавирус пандемиясы кезінде екпе ажалдан аман қалудың амалындай көрінгені рас. Вирус бәсеңсіді, бірақ денсаулықты сақтандыру мәселесі күн тәртібінен түспейді.
Көрнекі фото: zhaikpress.kz
Вакцинация немесе екпе жайында қазіргі ата-аналардың бәрі де хабардар екеніне сөз жоқ. Алайда кейбір ата-аналардың баланы егу алдында оған күмән туғызатыны құпия емес. Бұны таңғаларлық жағдай деуге де болмайды, өйткені олардың көбі, әсіресе, жас ата-аналар бүгінгі күні егу арқылы балалар қорғалып жүрген жұқпаларды, яғни вакцинациямен басқарылып отырған инфекцияларды кезіктірген емес.
Тарихтан білетініміздей, оба, шешек, сүзек ауруларынан талай адам отбасымен өмірден өткен жағдайлары болса, осыдан 40-50 жыл бұрын көкжөтел, дифтерия (қырылдауық), полиомиелит (сал) ауруларының қаншалықты қауіпті екендігін, балалардың өлім-жітімінің көптігі сондай, ата-аналарға бұл аурулар қандай үрейлі екендігін түсіндіріп жатудың қажеті болмайтын. Вакцинациялаудың арқасында осы арулардың кейбірі дүниежүзі бойынша түгелімен жойылды. Мысалы нағыз-шешек 1978 жылы түгелімен жойылды. Ал оба, сал, қызылша, сіреспе, қырылдауық, көкжөтел аурулары біраз азайды.
Өткен заманды «ертегі» деп сенбесеңіз, күні кеше, яғни 1990-2000 жылдары ең көп тіркелген гепатит А (сары ауру) ауруын ұмытпаған шығарсыздар. Әсіресе, оқушылар арасында бір сыныптан бір бала ауырса, 80 пайызы осы аурумен ауыратын. Күні бүгінде 2 жастан асқан балаларға вирусты гепатит А ауруына қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, соның нәтижесінде балалар арасындағы аурушылық тіркелуі 2006 жылдан бері жоқтың қасы деуге болады. Содан болар, біз бұл аурулардың қаншалықты ауыр өтетінін ұмытудамыз.
Вакцинаның қауіпсіздігіне күдік тудыратын ақпараттар көбейген. 2010
жылдан бері екпеге қарсылық білдірушілер ата-аналар, әсіресе жастар арасында көбейіп келеді. Олар «екпе алмаса да, менің балам ауырып жатқан жоқ» деп ойлайды. Ал олардың қазіргі кездегі ауырмау себебі айналасындағы қоршаған орта - ата-анасы, ересек бауырлары, тума-туыс, көрші-көлем және тағы басқасы. барлығы инфекцияға қарсы егіліп, қорғалғандар. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың айналасында жұқтыратын ауру көзі жоқ. Белгілі бір уақытқа дейін иммундық ахуалдары жақсы. Ал екпе алмаған сіздің
балаңызда ондай иммунитет қалыптаспаған, ол алдағы өмірінде әлі талай ортамен қарым-қатынасқа түседі. Сол кезде әлдебір жұқпалы ауруды жұқтырып алуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі таңда адамдар арасында миграция өте көп, инфекция басқа жақтан әкелінуі мүмкін екенін бір ешқашан естен шығармауымыз керек.
Адамдар жұқпалы аурулармен ауырып қана қоймайды. Сонымен қатар түрлі асқынуларға ұшырайды немесе соңы өлім жағдайына әкеп соқтырады. Кейбір асқынуларға тоқталып өтсек: сырқаттардың ауыр түрі кезінде қызылшадан құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтардың және мидың қабынуы, эпидпоротитте (шошқамойын) есту қабілетінің төмендеуі, мидың қабынуы, бедеулік, вирусты гепатиттерден кейін бауыр циррозы болса, дифтерияда уақтылы көмекке жүгіну - ауырған кездегі тәуліктермен ғана
емес, бірнеше сағатпен есептеледі де, аман қалған жағдайда басқа ауруларға қарағанда ең көп асқыну туғызады. Соңында сал болып қалуға әкеп соғады. Сондықтан балаларда да, ересектерде де вакцинациялауды тоқтатуға болмайтынын әрдайым түсініп, ескерген жөн.
Вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік көлеміне енгізілген.
Қазақстанда халықтың иммундауға байланысты барлық қаржы мәселесін
шешу де 1995 жылдан бастап мемлекеттің өзіне жүктелген. Жыл сайын вакциналар республикалық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепілді сапасы бар, зертханалық тексеруден өткізілген және Қазақстан Республикасында тіркелген, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификат берген вакциналар әкелінеді. Әр елдің өзінің күнтізбесіне сәйкес, халықты егу кестесі белгіленген. Бұл біздің мемлекетімізде «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті
профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді
жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта вакцинациялау арқылы балалар мен халықты полиомиелитке, қызылшаға, қызамыққа, қырылдауық, көкжөтел, туберкулез, эпидемиялық паротитке, гемофильді инфекцияға, пневмоккок, «В» және «А» гепатитіне, тағы басқа жұқпалы аурулардан қорғанудың ең сенімді әдісін қолдану барысында екпелер жасалуда. Сонымен қатар қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес 6ай -10 29 күн және 2 жас - 4 жас 11ай 29 күн аралығындағы балаларға қызылшаға қарсы жаппай қосымша иммунизация жасалуда. Вакцинациялаудың негізгі мақсаты - адам ағзасында иммунитет пайда болуы арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұруы және соның арқасында ауруға шалдығу мен өлім-жітім санын азайту. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбір ата-анада, жалпы қоғамда толық түсінік болуы өте қажет. Осы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бірі және бірегейі иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбір азамат білуі тиіс. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндіретін жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Себебі, екпе алмаған адамның жұқпалы дертке шалдығу қаупі бар.
Сырым ауданынының қызылша ауруы эпидемиялогиялық жағдайына
тоқталсақ. 2023 жылдың 5 қазаны мен 2024 жылдың 30 қаңтары аралығында 35 адамнан қызылша жұқпасы анықталды. Жіктесек, олардың – 12-сі ересек, 23-і бала. Ең назар аударатын мәселе - ауырған балалардың 80 пайызында, ересектердің 100 пайызында қызылшаға қарсы екпе болмады.
Бұл цифрлар біздерге вакцинацияның маңыздылығын анық көрсетіп тұрған жоқ па? Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігін тайға таңба басқандай айқындай түседі.
Мергүл Сарғозиева,
ШЖҚ МКК Сырым аудандық ауруханасы
директорының емдеу ісі жөніндегі
орынбасары