Шыңғырлау ауданында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен ветеринария саласындағы мәселелер жайлы кеңейтілген семинар өтті.
Семинар жұмысына басқарма басшылары, осы салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық ветеринария құрылымдарының басшылары, ауылдық округ әкімдері, ветеринария мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
-Шыңғырлау ауданы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында 6 ветеринариялық пункт, 4 мал сою алаңы және 2 мал сою пункті қызмет етуде. Сонымен қатар Ащысай ауылдық округінде ветеринариялық санитариялық талаптарға сәйкес ветеринарлық пункттің және мал қорымының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта барлық ауылдық округте аталмыш типтегі ветеринариялық пунт және мал қорымдарын салу жоспарда бар,- деді жиында аудан әкімі Е.Тұрмағамбетов.
Семинарда Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасының басшысы С.Нұрмағанбетовтың, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары А.Бисембаевтың, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Абсатировтың, «Баталасу» ЖШС-ның жоба менеджері М.Саркулованың және әр ауданынан келген аудан әкімдерінің орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Жалпы семинар барысында күні бүгінге атқарылған ветеринарлық іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды. Бруцеллез ауруының белең алуы, вакцинациялау барысында кездесетін қайшылықтар, малдың жолда қараусыз жүруі, ірі қараның сырғалануы, жылқы малының таңбаланбауы секілді мәселелер көтеріліп, ескертулер жасалды. Тиісті сала мамандарына облыс аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Келер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ветеринария заңының өзгеруіне орай алдағы өзгерістер айтылды.
Семинардан соң Мұхтар Наурызбайұлы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесті.
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер