Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елтай және Талдыбұлақ ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барды.
Талдыбұлақ ауылдық округінің орталығындағы тұрғындармен болған кездесуде ветеринариялық жұмыстарды атқарудағы кемшіліктер көптеп айтылды. Осы мәселенің жергілікті ветеринар мамандардың жұмысына өте салғырт қарауы кесірінен ушығып тұрғанын ауыл адамдары Сырым ауданы прокуратурасының кеңес керуені келген кезінде-ақ айтылған. Айтылғаны не керек, айтылған да қалған.
Округтегі жергілікті маңызы бар мәселе туралы ел алдында түсінік беру үшін аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шайхислам Райсов, аудандық ветеринарлық станциясы директорының міндетін уақытша атқарушы Әселхан Хамзина кешегі жиналысқа арнайы қатыстырылды. Талдыбұлақта ветеринарлық жұмыстардың дұрыс жүрмей жатқаны үшін шағымданып жатқан жалғыз округ емес. Бұл мәселе басқа округтерде де кездесіп жатыр.
Сырым ауданы әкімдігінің ашық есігі күндерінің Талдыбұлақ ауылдық округінде болған кездесуіне БҚО қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов қатысты. Басқарма басшысының айтуынша, ветеринариялық жұмыстардағы салғырттық адам денсаулығына да кесел келтіруде. Биылдың өзінде облыс бойынша 67 адам малдан сарып ауруын жұқтырған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 3 есе артық болып отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының өкілдерін тұрғындардың екпеден бас тартуы да алаңдатып отыр. Екпеге ерік бермегендердің саны облыс бойынша 950 адам болса, оның 75-сі Сырым ауданының тұрғындары екен.
Осы сияқты округтердегі кездесулерде аудандағы сала басшылары коммуналдық қызметтер, жаңа үлгідегі әлеуметтік жәрдемақы төлеу, жаппай кәсіптік білім және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша түсініктер беруде. Жиындарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Тасқұдық - Талдыбұлақ