Отыз шақты ұлт өкіліне мекен болған Теректі жерінде халық тату. Азаматтар қиындыққа іліккен адамға қарайласуға дайын тұрады. Әсіресе, жалғызілікті қариялар, жалғызбасты аналар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар көмек-қамқорлықсыз қалмайды.
Сондай көмекке зәру Виктория Столбушкина Покатиловка ауылында тұрады. Жалғыз өзі қос қызғалдағын өсіріп отырған ана – дімкәс. Ауылға көгілдір отын желісі келгенмен, баспанасын отын-көмірмен жылытады. Кейде азық-түлік тақыл-тұқыл болып қалатын күндер болады.
Былтыр қыста осы отбасына кәсіпкер, Теректі аудандық мәслихатының депутаты Сержан Идиятов отындық ағаш-көмір, ас-су жеткізіп берген.
-Биыл да сондай жағдай қайталанбас үшін ел азаматтары әлжуаз отбасына жағдай жасап берді. Облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, белсенді жастар Дулат Мақатов пен Элгун Джаналиев қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Жомарт жандар үлес қосты. Осыдан бір ай бұрын басталған іс жақсы нәтижемен аяқталды. Викторияның үйіне жылыту жүйесі жасалып, табиғи газ желісіне қосылды. Газ және жылу өткізу жұмыстарын “ГазГид” ЖШС атқарды. Жас кәсіпкерлер Мейрамбек Ақтаев пен Әли Темірболатов бұл жұмыстарды сапалы атқаруды өздеріне серт етті,-дейді отбасының бүгінгі күні жайлы Сержан Серікұлы.
Үйі жылынып, көңілі жайланған ана мен қыздардың ас-суы жағдайын ойлаған Дулат пен Элгун азық-түлік әкеліп, бүлдіршіндерге сыйлық та жасады.
«Қысқы суықта отын жетпей қала ма» деп алаңдап отыратын дімкәс ананың көңілі жайланды. Азаматтарға алғысын жаудырып жатыр. Сөйтіп, жанашыр жандар көмегімен тағы бір отбасының күрмеулі мәселесі шешілді.
Ия, «жарты құртты жарып жеген» қазақтың жерінде қайырымдылық сарқылмаса керек-ті.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz