29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Жаңақала ауданындағы «Jastar» спорт клубында волейболдан қыздар арасында облыс чемпионаты өтті.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы және Жаңақала ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Jastar» спорт клубы ұйымдастырған.
2008-2009, 2010-2011, 2012-2013 жылғы жасөспірім қыздар қатысты.
Тартысты додаға жиналған 13 құрама бой түзегеннен кейін, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев сөз алып, барша қатысушы жасөспірімге сәттілік тілеп, ізгі лебізін жолдады.
Жеребе суырып, қатысушы топ жарыс ережелерімен танысқаннан кейін, жеке дайындықтарын бастады.
Чемпионатта «Жаңақала» құрамасы да қалыс қалмай, ойын көрігін қыздыра түсті. Жарыстың бірінші бөлімінде «Сырым» ауданы мен «Жалпақтал» командасының бір топ жеткіншектің ойындарына куә болдық. Ала допты тордан асыра соғып, тамаша ойын өрнегін көрсете білген бойжеткендер өзге жаттығу залын жатырқаған да жоқ. Бұл күндері ойыншыларға ерекше қолдау білдіріп, демеу болған жанкүйерлердің де қарасы қалың болды. Нәтижесінде 2008-2009 жылы туған жасөспірім қыздардан құралған командалар арасында Сырым ауданы ІІІ орынды иеленсе, Жаңақала ауданы ІІ орынға табан тіреді. Бөрлінің сұлулары бірінші орынның биігінен көрінді. 2010-2011 жылғылар арасында жаңақалалық бойжеткендер ІІІ орынды місе тұтса, ІІ орын «ВК Жалын» командасына бұйырды. Осы салада аты баршаға таныс Орал қалалық «Грация - kz» тобы үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді.
2012-2013 жылғылар арасында Тасқала ауданының командасына үшінші орын бұйырып, Орал қалалық «СК Батыс» командасы екінші орынды еншіледі. Ал «Грация - kz» командасы бұл жолы да қарсыластарына дес бермей, алға шықты. Барша қатысушыға марапат қағаздары мен медальдар табыс етілді.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz