15.11.2025, 15:00
Оқылды: 65

Волейболдан облыстық жарыс мәресіне жетті

Бүгін, Тасқала ауданы орталығындағы орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың есімі берілгеніне 25 жыл толуына орай оқушы қыздар арасында волейболдан облыстық жарыс өтті.

f7fe2f74-b595-49b8-bea6-4b993adf4cd5

Жарысқа аталмыш мектептің түлектері демеушілік танытты. Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсылығұловтың есімі Камен орта мектебіне 2000 жылғы 31 Тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1325 қаулысымен берілген болатын.

8f9713d0-b34f-4cd8-9571-c179d03461a7
Аталмыш мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен шараның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова, Тасқала ауылының орталық мектеп басшылары, еңбек ардагерлері мен шақырулы қонақтар қатысты. Шарада құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы қатысушы командаларға қош келдіңіз айтып, ойынға сәттілік тіледі. Одан әрі сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Мерлан Ерғали ойынның шартымен таныстырды.
Салтанатты жиыннан соң ойындар басталып кетті. Шараның мақсаты Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың ерлігіне деген құрмет пен отансүйгіштік сезімін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және облыс оқушылары арасында волейбол спортын кеңінен тарату болатын. Жарысқа барлығы 8 команда қатысты. Олардың қатарында, Бәйтерек ауданынан «Махамбет ЖОББМ», Ақжайық ауданынан «Алғабас ЖОББМ» командаларымен қатар, Тасқала ауданынан «С.Жақсығұлов атындағы ЖОББМ», «Сәулет» мектеп-лицейі», «Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гиназиясы», «Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ», «Оян МББК», «Мереке МББК»-нің командалары бар. Олар екі топқа бөлініп С.Жақсығұлов және «Сәулет» мектеп-лицейінің спорт залдарында ойын көрсетті. Әр топтан екі команда финалдық ойындарға жолдама алды.

IMG_9289
Тартысқа толы өткен жарыс нәтижесінде С.Жақсығұлов мектебінің командасы жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы командасы иеленсе, үшінші орынға ақжайықтық «Алғабас ЖОББМ» командасы табан тіреді. Сондай-ақ. алаңның әр бөлігіндегі үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларда жекелей марапаттарға ие болды. Алғабас командасының ойыншысы Жанель Нұрлыбекқызы үздік байланыстырушы атанса, «Сәулет» мектеп-лицейі командасының ойыншысы Алмаш Төлеген үздік қорғаушы атанды. Қ.Сәтбаев мектеп-гимназиясының ойыншысы Сымбат Мұратқали үздік шабуылшы аталымына ие болса, жарыстың үздік ойыншысы С.Жақсығұлов мектебінің ойыншысы Бибинұр Серік атанды.

IMG_9296
Жарыстың жабылу салтанатында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдасытрушылар тарапынан диплом, кубок, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале