Қыстың көзі қырауда демекші, табиғаттың да тосыннан мінез шығарып жататын сәттері жиі ұшырасады. Ақпан айында бірде боран соқса, бірде жаңбыр аралас қар жауып әлегімізді шығарды. Осындай ойламаған боранда Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғыны ұзап кеткен малын іздеп далаға бірнеше сағат хабарсыз кетеді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің дабылынан соң ауыл-аймақ жоғалған ауыл тұрғыны аман-сау табылса екен деген тілектің үстінде болды.
Жол біткенді қар басқан, жеңіл көліктердің «тісі» батпайды. Осындайда жоқ іздеуге ауыл азаматы Хайрулла Мұрзағалиев көмекке келді. Ауылдастың басына қиын жағдай түскенде қарап жата алмай түннің бір уағында жеке меншігіндегі тракторын от алдырып бағыты осы-ау деген жаққа жолға шықты. Малын қарауға кеткен жанның ізімен жүре отырып тауып, малдарын айдаса жүріп, малшыны да ауылға аман-есен жеткізді.
Мұндай жағдай екінші рет орын алғанда да осы Хайрулла тағы да адамгершілік танытып, жоқты табуға жәрдемін берді.
- Азамат десе мінеки осы Хайрулланы айтуға болады. Қиын-қыстау сәтте менің бұған не қатысым бар, алай-дүлей боранда үйінде жатпай ма деп бәлденген жоқ, бір ауыз өтінішімізді жерге тастамай, қол ұшын берді. Өзі негізінен осы жердің тумасы, бірталай жыл қалада тұрғанымен қайтадан өзінің туған жеріне оралған елжанды жан. Қазіргі таңда да қол қуырып отырған жоқ, өзінің шаруасын дөңгелетіп, көмек сұраған ауылдастарының бетін қайтарған емес. Міне, осындай ауылым деп тұратын азаматтар көп болса, лайым, - дейді шынайы көңілмен Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz