Тасқала ауданында тағылымы терең, мазмұны мәнді өнер мерекесі өтті.

Тасқала ауданы әкімдігі, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Халық әні – халық қазынасы» атты әжелер ансамблі арасындағы аудандық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан арнайы қатысты. Алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әжелерге алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға ақтаулық «Шамшырақ», Амангелді ауылынан келген «Ақмаржан» Достық ауылдық округінен «Салтанат», Атамекен ауылының «Ақниет», Қосшы ауылдық округінен «Ақ бата», Мерейден «Асыл мұра», Мереке мен Шежін ауылдарынан «Асыл әжелер» мен «Өнеге» әжелер ансамбльдері қатысып, сахна төрінде өнерлерін ортаға салды.
Оларға қазылар алқасының төрағасы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Қырғызстан Республикасының «Жыл адамы», «Сахна жұлдызы» төсбелгілерінің иегері, дәстүрлі әнші, сазгер Күләш Қуатқызы Қуанышқалиева бастаған тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Оның құрамында аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының мүшесі Рая Амандәулетқызы Буланова және «БҚО үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері, әнші, сазгер Думан Ибатұлы Бекқалиев болды.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар халық арасында сирек орындалатын, ұмытыла бастаған әндерді жаңғыртса, екінші кезеңде қара өлеңдерді нақышына келтіре орындап, сөз бен саздың үйлесімін көрсетті. Қоңыр сазбен көмкерілген әуендер зал ішін ерекше әсерге бөлеп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Бұл байқау тек өнер жарысы ғана емес, ұлттық тамырымызды тереңнен тартқан рухани жаңғыру сәтіне айналды.
Байқау қорытындысы бойынша бірқатар номинациялар табысталды. «Көрермен көзайымы» аталымы Мереке ауылдық округінің «Асыл әжелер» ансамбліне берілсе, «Өнерлі әже – ұрпақ мақтанышы» номинациясын Мерей ауылдық округінің «Асыл мұра» ансамблі иеленді. «Сахна сәні – алтын әжелер» аталымы Қазақстан ауылдық округінің «Ақниет» ансамбліне табысталды. Ал, «Ұлттық өнердің ұйытқысы» номинациясына Шежін ауылдық округінің «Өнеге» ансамблі лайық деп танылды.
Сондай-ақ «Дәстүрдің дархан дауысы» номинациясы Амангелді ауылдық округінің «Ақмаржан» ансамбліне, «Қоңыр әуеннің қайнары» аталымы Достық ауылдық округінің «Салтанат» ансамбліне, ал «Ұрпаққа үлгі – өнерлі әжелер» номинациясы Қосшы ауылдық округінің «Ақ бата» ансамбліне берілді.

Байқаудың бас жүлдесіне Ақтау ауылдық округінен қатысқан «Шамшырақ» әжелер ансамблі ие болды.
Гүлмира Мақанова
Тасқала ауданы