2.08.2021, 18:34
Оқылды: 41

Халық игілігі үшін қызмет етуде

Ауылдың дамуы ел экономикасының артуына ықпал етуде. Оған ауылдардағы жүзеге асырылып жатқан индустриялық-әлеуметтік жобалар мысал бола алады. Бүгінде жеке кәсіпкерлер тарапынан ауылға деген жанашырлық артып, ауылдағы тұрмыс-тіршіліктің, ұлттық құндылығымыздың, бұқаралық спорттың, ауыл шаруашылығының дамуына қолдау артып келеді. Сөзімізге Казталов ауданы Бостандық ауылындағы кәсіпкерлердің өнегелі ісі себеп бола алады.

86DCED48-3426-4FCA-81A0-97AC90106CCD

Осыдан біраз уақыт бұрын, еліміздің бас қаласы күні қарсаңында Бостандық ауылында «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Елемесұлы «Қымызхана» ашқан болатын. «Рухани жаңғыруға» серпін берген бұл игі бастама ауыл тұрғындарының ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, халық денсаулығын арттыруға үлесі мол. Себебі текті жылқы малының сүті түрлі дертке шипа. Өкінішке орай ұлттық болмысымыздан айырылып бара жатқанымыз байқалады. Дегенмен елім деп еміреніп, ұлтының абыройын жоғары қойған азаматтарға елі де риза. Қымызханада екі ер адам, екі әйел адам жұмыспен қамтылып, жеті бие сауылып, өнімін беруде. Ауыл тұрғыны Жәмила Айболатқызы да қымызханадан күнде саумалын ішіп, дертіне шипа іздеген жандардың бірі.

-Саумал, қымыз, түрлі дертке ем. Ықылым заманнан бері бабаларымыз жылқы малының қасиетін жете ұғынып, жырларына қосып келген. Ақтамберді жырау: «Арудан асқан жан бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма. Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?!» деген бір шумақ өлеңіне-ақ жылқы малының болмысын арқау еткен. Ұлттық құндылығымыз, ұлттық сусынымызды ұлықтап, қайта жаңғыртқан қожалық иелеріне ризашылығымыз мол, - дейді ауыл тұрғыны.

Нұрлан Елемесұлы қымызы мен саумалын ұсынса, жеке кәсіпкер Еркін Насыров бау-бақша дақылдарын егіп, теректер өсіріп ұсынуда. Ілкімді ісі жөнінде кәсіпкердің өзі былай дейді.

13F4DF69-F687-4441-8F5A-3BC9647DEDF8

-Бұл кәсіппен айналысып жүргенімен он жылдай уақыт болды. Қазір қарбыз, қауын, қызанақ, қияр, асқабақ, болгар бұрышы дақылдарын егіп қойдық. Қарбыз, қауынның қос түрі, асқабақтың үш түрі пісіп жатыр. Алдағы уақытта тиімді бағада сатылымға шығаратын боламыз. Ал 20 сотық жерге қара ағаш талдары егілді. Оған да сұраныс артып отыр, - деді ол.

Кәсіпкер бұдан бөлек тәжірибе ретінде қоян өсірумен де айналысып жүр. Сатып алған қос аналық қоянының бірі көжектесе, енді бірінің уақыты жақын. Бұл да кәсіптің көзін тауып, еңбектің парқын білген азаматтың тағы бір жетістігі.

Жылдың басында аталған ауылда бокс залы ашылғандығы жөнінде хабарлаған болатынбыз. «Көп түкірсе – көл» демекші, ауылдың жанашыр азаматтары ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға демеушілік білдірді. Ауданның атқамінер азаматтары да қарап қалмады. Күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлгізді. Нәтижесінде ескі ғимаратқа заманауи жөндеу жұмыстары жасалды. Айта кетуі керек, бокс залының ашылуына Асланбек Сармалев өзі мұрындық болып, барлық жұмыстардың басы-қасында жүрді. Бокс залының қазіргі тынысы туралы ауыл тұрғыны Мейірбек Ибатовпен тілдестік.

-Бокс залы ауылымызда бұқаралық спорт пен кәсіби спорттың дамуына ықпал етуде. Балаларымыз бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануда. Жергілікті спортшыларымыздың жетістіктері де аз емес. Бұл мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізіліп, спортқа көңіл бөлінгендігінің нәтижесі, - дейді ауыл азаматы.

5CDDCE04-B5CF-4D8A-B217-9A8289C7754E

Бостандықтағы бірқатар жұмыстар легімен таныс болып, аталған азаматтардың бастамасымен қолға алынған шаруалардың қалай жүргізіліп жатқандығына куә болдық. Бастысы бірлігі жарасқан ауылдың берекелі істері артып келеді. Спортшыларымыз көк туымызды желбіретіп, ұлттық құндылығымыз артып, экономикамыз дами бергей.

Бекарыс Әбіш,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале