Жаңақала ауданындағы «Рухани орталық» ғимаратында мәслихат депутаты Саламат Сертековтың ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесуді аудандық мәслихат аппаратының басшысы Алтынбек Шайхиев ашып, депутаттардың мақсат, міндеттеріне қысқаша тоқталды.
Одан әрі халық қалаулыларының бірі - Саламат Сертеков сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмысқа тоқталды.
Соның ішінде аудандық мәслихаттың бюджет экономика, ауыл шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болғандықтан, аудан бюджетінің тиісті жеріне игерілуін жіті бақылап отыратындығын айтты.
- Ауыл ішіндегі Қ.Жантілеуов көшесіне асфальт төсеуге – 20 711 000 мың теңге, Жаңақала ауылындағы техникалық суға сору құрылғысын сатып алуға – 1 000 000 мың теңге, Жаңақала ауылына арықтар орнатуға – 2 000 000 мың теңге, Жаңақала ауылына су арықтарын жасауға – 6 000 000 мың теңге, Жаңақала ауылы Құрманғазы көшесі № 22, № 24, № 26 көппәтерлі тұрғын үйлерінің аулаларын абаттандыру мақсатында балалар ойын алаңдарын салу үшін – 5 000 000 мың теңге, аудандағы қызметтік тұрғын үйлердің (3 үй) ауласын қоршау үшін – 6 000 000 мың теңге, Жаңақала ауылындағы Құрманғазы, М.Мәметова, 1-Мамыр, Суханқұлов, С.Жүнісов, Ж.Сүлекешов көшелерінің электр желілерін ауыстыруға – 8 000 000 мың теңге, 2024 жылға Жаңақала ауылын абаттандыру бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 35 000 000 мың теңге қаражат бөлінгенін баяндады. Жоғарыда аталған қаржы қазіргі таңда конкурсқа шығарылып, кейбір бөлінген қаражат игерілді, - деді Саламат Сертеков.
Қоғам белсендісі, Жаңақала аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлихан Декартұлы жиын барысында:
- Осындай кездесулерде айтылған сан алуан пікір, ұсыныстың ашық айтылуының өзі сайлаушылардың да, депутаттардың да жаңа бағытқа аяқ басқанының дәлелі. Аз уақыттың ішінде осы шақырылым депутаттарының жұмысына оң баға беремін. Енді алдағы уақытта халық қалаулылары тұрғындармен тығыз байланыста болып, жиі кездесіп тұрса, көп мәселе шешіледі деп ойлаймын. Сонымен қатар депутаттар әрбір салаға бөлінген аудандық бюджеттің қаражатын ашық түрде тиімді жұмсалуын қадағалауларыңыз керек, - деп айтты.
Ауыл ақсақалы Айтуған Шарафутдин:
- Өзіміз бірлесе сайлаған депуттатрдың атқарылатын жұмысына халық болып қолдау білдіру, оларға ұсыныс пікірлерімізді, ақыл-кеңесімізді ағалық пайым-парасатымызбен жеткізіп, уақытына қарай талап та қоя білуіміз керек, - деді.
Одан әрі ауыл тұрғындары Раушангүл Бисенова, Айдана Төлеуова, Гүлзада Ильясова, Тұрсын Мұратова, Айтолқын Сисенғалиева апатты жағдайда тұрған үйлерге жөндеу жүргізу, баспанамен қамтуға жәрдемдесуін өтінді. Әрине, баспанамен қамту тек депутаттың қолындағы шаруа емес. Баспана мәселесімен жүрген адамдарға санаты бойынша кезегі мен беру тәртібі болатынын білеміз. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері адам тұрғысыз жағдайдайдағы колледж жатақханасының жөндеу жұмысы да бір жылда бітетін іс емес. Саламат Серікұлы бірінші кезекте құжаттарды реттеуді қолға алатынын, содан кейін берген уәдесі бойынша істі жалғастыратынын айтты.
Жиын соңында сайлаушылар депутаттың жеке қабылдауында болып, түйткілді сауалдарын қойды.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz