Теректі ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов келді. Халық қалаулысын Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирхат Ибраев қарсы алып, "қош келдіңіз" айтты.
Мәжіліс депутаты ең алдымен Шаған ауылдық округі орталығы саналатын Жаңа Өмір ауылындағы құрылысы бітпей тұрған мәдениет үйінің бүгінгі хәлін көзбен көрді. Расы керек, округке мәдени ошақ ауадай қажет. Алайда құрылысы пандемияның нағыз қызып тұрған шағына сәйкес келген мәдениет үйінің тек іргетасы ғана қаланған. Құрылыс материалдары күрт қымбаттап, мердігер нысанды салудан бас тартқан болатын. Қазір жобалық-сметалық құжаттарын қайта қарап, өзге де жолдарды қарастыру көзделген. Бірақ жұмыс қарқыны тым бәсең.
Одан кейін Аманжан Мәкәрімұлы Шаған ЖОББМ-не бас сұғып, ұжыммен кездесті. Ұстаздар қауымы онлайн оқу форматы білім сапасына айтарлықтай нұқсан келтірмегенін тілге тиек етіп, дәстүрлі білім беру форматына оралудың маңыздылығына тоқталды.
Депутаттың жұмыс сапары Шалқар ауылдық округінде жалғасты. Сарыөмір ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы адам аярлықтай. 1968 жылы салынған ғимараттың қабырғасы қаусап, есік-терезелерінің де тозығы жеткен. Дегенмен, сол тозығы жеткен ғимаратта 3 адам тұрақты жұмыс жасап отыр. Жағдаймен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тогузбаев биыл жоспарда Сарыөмірден модульді бағытта дәрігерлік амбулатория салу бар екендігін жеткізді. Аталмыш мәселе облыс әкімдігінің де тікелей назарында.
Ауданға келген депутат Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде «Шалқар» бастауыш партия ұйымы және партиялық резерв мүшелерімен кездесу өткізді.
-Елімізде соңғы бір-екі ай ішінде орын алған оқиғалардан баршаңыз хабардарсыздар. «Қаралы қаңтар» оқиғасы барша қазақтың бірлігін ғана көрсетіп қоймады, жүйеге өзгеріс керек екендігін де дәлелдегендей. Мүмкін бәсекеге қабілетті жаңадан саяси партиялар құрылар, «Nur Otan» партиясында да бірқатар өзгерістер орын алар, барлығы уақыт еншісінде. Біздер, яғни халық сенген депутаттар әрдайым орталарыңыздамыз. Түйткілді мәселелерді жинақтап, Үкімет отырысында көтеруге мүдделіміз, -деді өз сөзінде Аманжан Жамалов.
Подстепный мәдениет үйінде халық қалаулысын «Япурай» әжелер ансамблі қазақы дәстүрді сақтап ақ ұсынып қарсы алды. Округ әкімі Сержан Мәдиев Подстепныйдың кешегісі мен бүгініне тоқталып, алдағы жоспарларын да ұмыт қалдырмады.
Одан кейін Аманжан Мәкәрімұлы жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Подстепный ауылы тұрғыны Берік Нығметов халық санының күрт өсуіне байланысты ауылда мектеп тапшылығы қатты сезілетіндігін айтты. Сонымен бірге, «Самара-Шымкент» тас жолы да осы Подстепныйдың «үстімен» өтеді. Жол бойында жарық шамдары жоқтың қасы. Сол себептен жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Осы жайттарды депутат «түртіп» алса дейді ұлағатты ұстаз.
Юбилейный ауылына кіреберіс жолды жөндеу мәселесі соңғы жылдары көп айтылып келеді. Жобалық -сметалық құжаттары дайын болғанымен, қаржы табу мәселесі тағы бар. Бұл жөнінде депутат алдында ауыл тұрғыны Бейбіт Қуанышқалиев сөйледі.
Қабылдауға келген Айбар Райсов, Светлана Жұмалиева күрмеуі шешілмей тұрған жеке шаруаларына көмек сұраса, кейбір мемлекеттік Заңнамалар туралы идея мен өз ойларын теректілік мемқызметкерлер, нақтырақ Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Қадралиев және Сержан Сәлімбайұлы жеткізе білді.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz