10.10.2025, 16:00
Оқылды: 129

Халық қазынасын қаттаған сапар

Батыс өңіріне қазақтың бай рухани қазынасын жинақтау мақсатында елордадан келген тарихи экспедиция Сырым ауданына аялдады. Қонақтарды Қаратөбе жолының бұрылысынан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Жолдыбаев пен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай қарсы алды.

Халық қазынасын қаттаған сапар

Сапаршылар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне тоқтады. Мұнда Бұлдырты орта мектебінің ұстазы, қолөнер шебері Мұрат Рамазановтың тері илеу мен қайыс өңдеудің көне тәсілдерін көрсеткен шеберлік сабағын тамашалады. Мұрат Кішібекұлы теріні илеу, қайысты өңдеп, жүген мен қамшы өрудің қыр-сырын түсіндіріп, ұмыт бола бастаған ұлттық өнердің маңызын айтты.

Ауданның дәстүрлі әншілері Мұхамбет Мамықов, Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров терме мен Батыс аймағына тән мақам, домбыра қағыстары жөнінде әңгімелеп, әннен шашу шашты.

Бес асықтан бір табан алда жүрген Сырымның арулары да тарихшылардың назарына ілікті.

Экспедиция жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлан Үмітқалиев сапардың мәнін былай түсіндірді:

– Бұл жұмыс Мәдениет министрлігінің және Қоғамдық даму институтының бастамасымен жүзеге асып отыр. Мақсатымыз – қазақтың материалдық емес мәдени мұрасын жинақтап, ЮНЕСКО тапсырмасымен арнайы альбом түріндегі кітапқа және «Алтын қорға» енгізу. Ел іші – өнер кеніші, халық – қазына. Біз сол қазынаны көзімізбен көріп, келешекке аман жеткізуді борыш санаймыз. Бұл өңірде жоғалмаған, ұлт жадында сақталған мәдениетіміздің мол қазынасын көріп отырмыз. Сонымен бірге жер тарихы мен Алаш арыстарының ізіне де үңілеміз. Олар кейін университеттің оқу бағдарламасына енгізіліп, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылады, – деді профессор Ұлан Үмітқалиев.

Экспедиция Батыс Қазақстанның бірнеше аудандарын қамтып, тұрмыс-салт жырлары, батырлық және лиро-эпостық мұралар, күй, қолөнер, атбегілік, тағам және тоқыма мәдениетін жинақтауда.

Халық қазынасын қаттаған сапар (1)

Экспедиция Батыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарын — Бөкей Ордасы, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Ақжайық және Бәйтерек өңірлерін толық қамтиды. Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларынан бастап батырлық және лиро-эпостық жырлар, күйлер, қолөнер, атбегілік, құс салу, тоқыма және тағам дайындау мәдениеті, басқа да 70-тен астам мұра түрі ізделуде.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале