30.12.2024, 16:45
Оқылды: 28

Халық органына 30 жыл толды

Бүгін Сырым ауданында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толу құрметіне орай салтанатты жиын өтті. Оған Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева және аудандық мәслихаттың әр шақырылымындағы депутаттары қатысты.

PHOTO-2024-12-30-13-11-14

– 1993 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілі және атқарушы органдар туралы» заңы қабылданды. Осылайша жергілікті мәслихаттардың өкілеттілігі бөлінді. 1994 жылдан бастап мәслихаттар өз жұмысын бастады.

Өкілді билік Егемен Қазақстанның сенімді серігі болып келеді. Сырым ауданына келсе,  депутаттарымыз халық пен билік арасындағы көпірге айналып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін жұмыстануда.  Қабылданған әр шешім халық мүддесі, елдің болашағы үшін екенін сеніммен айта аламын, - деді Жұмагелді Батырниязов. 

Кейін аудан әкімі Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты депутаттарға бірқатар ведомствалық наградаларды тапсырды. 

Соның ішінде аудандық мәслихат депутаттары Талғат Дарғожиев пен Айнагүл Ойшыбаеваға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің алғыс хаты табыс етілді.

PHOTO-2024-12-30-13-11-13

Сырым аудандық мәслихатының V шақырылымының депутаты, іскер азамат Владимир Жұмағалиеа 

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. 

Ал, Сырым аудандық мәслихатының ІV шақырылымның депутаты, ұзақ жыл электр торабында еңбек еткен энергетик, мемқызмет ардагері Сәлімгерей Тәжібаев Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» төсбелгісіне ие болды. 

Осы секілді кеудесіне көк ту таққан біраз әріптес Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің, Сырым ауданының  әкімі Жұмагелді Батырниязовтың алғыс хаттары, Сырым ауданының Құрмет Грамотасы берілді. 

Иә, сайланбалы органның өкілі  болуға әркім-ақ ұмтылады. Біреулерге мәслихат депутаты болуы мансап пен мәртебе үшін керек, ал біреулер қоғамдық-саяси өмірдің базарынан өз ауылымның, ауданымның олжасын даулаймын деп келеді. 

– Кеңес, совет деген сөздердің орынына мәслихат деген атау келді. Қазақтың сөзімен бірге еркі, құқы жаңғырды. Мәслихат – егемендігіміздің атрибуты ретінде қабылданды. Халықтық билік осы биіктен аласармасын! - деді сөз алған Сырым аудандық мәслихатының алғашқы хатшысы, ақын Бақтығали Тілегенов. 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале