Бүгін Жәнібек ауданына, яғни Жақсыбай ауылына облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй келді. Мирас Рүстемұлын Казталов ауданы Еңбек ауылының тұсынан күтіп алған аудан әкімі Тимур Шиниязов Еңбек ауылы мен Жақсыбай ауылы арасына салынып жатқан жолды көрсетті.

Өздеріңізге мәлім, Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдарының тұрғындары облыс орталығымен осы Еңбек ауылы арқылы қатынайды. Аталған жолдың маңызы зор. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындары екі ортаны құрайтын 12 шақырым жолдың құрылысын көтеріп келген болатын. Бұны назарға алған аудан басшылығы бірден жоба жасақтап, облыстан қолдау тапты.

Биыл аталған 12 шақырым жолдың құрылысы басталды. Қазіргі таңда жол негіздемесі дайын, 3,3 шақырым жолға құм мен қиыршық тас төселді. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда.

Аталған жолдың құрылысын көріп, учаске басшысымен сөйлескен облыс әкімінің орынбасары Мирас Рүстемұлы жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Айта кету керек, тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, құрылыс жұмыстарын мердігер «Unex Kazakhstan» жүргізіп жатыр.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы