Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжанов Краснов ауылдық округінен соң Махамбет ауылына барды. Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқан ауыл күре жолдың берер бар мүмкіндігін пайдаланып отыр. Сол себепті де округте кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Әсіресе жол бойындағы сервис жақсы дамып келеді. Жергілікті кәсіпкерлер де халыққа көмегін аямайды. Бұл үрдіс пандемия кезінде ерекше қарқын алды. Қалтасы қалың, берері мол ауыл кәсіпкерлері мұқтаж жандарға қолынан келер көмегін ұсынған.
- Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде кәсіпкерлер аянып қалмады. Бірі мал сойып, ет таратса, енді бірі азық-түлікпен көпті қамтамасыз етті. Барлық кәсіп иелеріне ел атынан алғыс айтамын, - деді округ әкімі Бейбіт Аманғалиев.
Сондай-ақ ауылдың атымтай жомарт азаматтары Махамбет ауылы маңынан бөгет тұрғызуға қолғабыс еткен. Ауылда мемлекеттік бағдарламалар да сәтті жүзеге асуда. Биылдың өзінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға ауыз су өткізу мәселесі шешілмек.
Сонымен қатар Горбунов және Павлов елді мекендеріне табиғи газ жеткізу ісі де уақыт еншісінде. Осы кезге дейін тұрғындар тарапынан көп көтерілген ауылдық клубты жөндеу мәселесінің де шешілер күні таяу екендігін де округ әкімі баяндамасында атап өтті.
Осы кезге дейін тұрғындар талай мәрте көтерген ауыл ішінен балалар ойын алаңын салу жайы да бір жақты болғандай.
- Ауылға балалар ойын алаңын салу да кезек күттірмейтін мәселе. Оны да биылдан қалдырмай шешеміз. Қазірдің өзінде ауыл балалары үшін деп ойын алаңын салуға инвестиция құюға әзір кәсіп иесі табылды, - деді әкім Б.Аманғалиев.
Одан соң аудан әкімі ауданда атқарылған жұмыстар жайына тоқталды. Әр салада атқарылған жұмыстардың жайын жеткізген Марат Лұқпанұлы биылғы жылға жоспарланған істерді шешу мәселесі де күн тәртібінен түспейтіндігін айтты.
Шара соңында тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, ауылда шешімін күткен мәселелер бар екендігін жеткізді. Солардың ең бастысы, жайылым жердің тарлығы болып отыр.
Жер жетіспеушілігі бүгінде күйіп тұрған мәселе екендігін жеткізген аудан басшысы игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару ісі қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті.
- Елді толғандырған мәселелерден хабардармыз. Аудан тұрғындарының назы қашан да бірінші орында. Айтылған әр мәселе қатаң ескеріледі және кезең-кезеңімен өз шешімін табатын болады, - деп аудан әкімі кездесуді қорытындылады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz