27-28 мамыр күндері Ресей Федерациясы, Казань қаласында 23-ші Казань марафоны өтті. Халықаралық додада жерлесіміз, жас марафоншы Сержан Нұржан үш шақырым қашықтықта жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Халықаралық марафон 3, 10, 21 шақырым қашықтықтары бойынша ұйымдастырылған. Ресейлік БАҚ өкілдері ұсынған ақпаратқа сүйенсек, марафонға Ресей Федерациясының 80 өңірінен және Қазақстан, Қытай, Эстония, Әзірбайжан, Өзбекстан, Индонезия, Иордания, Белоруссия, БАӘ, Румыния, Сальвадора, Түркия, Чехия мемлекеттерінен спортшылар қатысқан.
Марафонға қатысушылардың ішінде ең жасы үлкен марафоншы 85 жастағы Мухарьям Ямбулатов болған.
Сержан 3 шақырым қашықтықты 11 мин 20 секундта бағындырып, үздік үштікті түйіндеді. Марафоншының жаттықтырушысы Баубек Ілиясов Сержанның қарсыластарының біразы жасы үлкен екендігін атап өтті. Жаттықтырушы мен жас марафоншы Асхат Рамазанов және аудан жастарына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, Казаньдағы марафонға Баубек Ілиясов та қатысып, 21 шақырым қашықтықта жүгіріп бесінші орынға тұрақтады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz