Теректі және Подстепный ауылдық округтерінің орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Ет, сүт өнімдері және көкөністердің түр-түрі жайылған жәрмеңкеде аудан әкімі Тілек Габдушев бой көрсетіп, сатушылардың жағдайларына қанықты.
- Қажетті өнімдерді қаладан тасымай-ақ, ауылымызда ұйымдастырылған жәрмеңкеден алған тиімді. Қысқыға қажетті тұздықтар дайындауға сәбіз, қызанақ, қырыққабат, тәтті қызыл бұрыштың 4 келісін сатып алдым. Бағалары қолжетімді, - дейді Теректі ауылының тұрғыны Ұ.Мұқанбетиярова.
Жәрмеңкедегі көкөніс бағалары дүкендерге қарағанда едәуір төмен. Қызанақ 250 тг, картоп 160 тг, қырыққабат 100 тг, пияз 120 тг, сәбіз 150 тг, қарбыз 110 тг, қауын 200 теңгеден сатылды. Сиыр етінің келісі 2200 тг, жылқы еті 2300 тг, қазы 3500 тг, тартылған ет 2500 теңгеден сатылымда болды. Бір қабы 4000 теңге тұратын мал азықтық арпаны да көзіміз шалды.
Керек-жарағын алған тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі болды.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz