12.07.2017, 19:00
Оқылды: 52

«Халықпен әрдайым тығыз байланыстамыз»

Akjayik halikpen ardayiv tigiz bailanistamiz  Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын  және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласын көпшілікпен бірлесе талдау мақсатында Ақжайық ауданының орталығында Парламент Мәжілісінің депутаттары Қанат Мусин мен Павел Казанцев болды.


    Мәжілісмендермен жүздесіп, әңгімелесуге келгендердің қарасы аз болған жоқ. Кездесуді ашқан аудан әкімі Әділ Жоламанов Ақжайықтың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тірлігі, таяу арада тұрған міндет-межелер хақында түйіндеп баяндап берді.

    Парламенттік өткен маусым Мәжіліс үшін де ел мүддесіне бағытталған ауқымды істерге толы болды. Қ.Мусин алдымен осы жайында баяндай келіп, қазақстандық қоғам үшін қабылданған тарихи маңызды заңдарға шолу жасады. «Қазақстан Республикасы Конституциясына өгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Мемлекет басшысының саяси реформаларының өте берік іргетасына айналды. «Президенттік бірсыпыра өкілеттіліктер биліктің басқа тармақтарына берілгені мәлім. Атқарушы билікке бақылау жөнінде бірқатар тың өкілеттіктер Парламентке берілді. Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілік күшейтілді. Осының бәрі әлбетте, тағдыршешті беталыстар болып табылады»,- деген Қ.Мусин облысымыздың бүгіндегі өркендеуінен мысалдарды тілге тиек етті.

         Парламенттің өткен маусымында Мәжілістің қарауына 111 заң жобасы түссе, оның 66-сы қабылданып, Елбасымыз қол қойды. Келесі сессия үшін де әрине, қаралуға тиісті көкейкесті мәселелер аз емес. Бұл халық қалаулыларынан әлеуметпен тығыз қарым-қатыс жасауды мықты талап етуде. Сондықтан депутаттар ұдайы көпшілікпен ақылдасып отырады. Мұның пайдасы жайында кездесуде П.Казанцевте әңгімеледі. «Жұртымыздың Елбасы саясатын жан-жақты құптауы, оның геосаяси және геоэкономикалық өзекті бастамаларын да сөзсіз қолдауы әрине, республикамызды сапалы заңдармен қамтамасыз ету мақсатында бізге күш-жігер үстейді және жауапкершілігімізді шыңдайды. Жұртымызбен әрдайым тығыз байланыстамыз»,- деді ол.

         Бұдан әрі депутаттар ауыл, қала, аудан деңгейіндегі қаланың дербес бюжеті қаражатын алдымен қайда жұмсау керегіне тұрғындардың үн қосуына мүмкіндік туғызған заңнама, әлеуметтік саясат саласына ерекше басымдық берілуі туралы нақты мысалдармен баяндады. Мәселен, ІІ сессия барысында міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнаманы жетілдіруге байланысты ерек істер тындырылды.

         Депутаттар өздерінің конституциялық құқығын белсенді пайдаланып, 15 заң жобасын дайындаған. Соның бірі – күшіне енген «Жайылымдылық туралы» Заң. Бұл құжат азаматтарды ауылдың оң ахуалына қатысты мәселелерді кеңінен саралап отыруына мүмкіндік береді. Халық қалаулыларымен дидарласу барысында осы және мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын өрістету жас мамандардың болашағына оң ықпал жасайтыны жайында әңгімеленді. Ақжайықтықтардан сөз алғандар осыған дейін айтылып жүргендей, аудан орталығы тұсынан Жайық өзеніне көпір салудың кешікпей қолға алынатынына сенім білдірді. Көгілдір отынға қатысты мына бір жайт айтылды: осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Жайықтың оң жағындағы ауылдарға газ құбыры тартылғанда, байырғы мұнай құбыры магистралының бір тармағы пайдаланылған еді. Бұл жайт тұтынылатын газдың сапасына кері әсер етіп келеді. Демек, құбыр жаңғыртылса, құба-құп.

         Халық қалаулылары ақжайықтықтардың басқа да мәселелеге қатысты сауалдарына жауап берді.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале