30.03.2018, 14:56
Оқылды: 91

Халықтық ветеринарияны неге ұмытамыз?

Ұлт тарихына көз жіберсек, өмір тіршілігіміз төрт түлік малмен байланысты екенін жақсы білеміз. Халқымыздың «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрауында да үлкен мән жатыр. Сондықтан халқымыз өзінің төрт түлік малының аман-сау болуы үшін барлық жағдайды жасаған және халықтық ветеринария­ны да пайдаланған. Мәселен, күл ауруын (оспаны) қалай емдеу керек екенін ерте кезден білген.Күл ауруымен ауырған малдың жарасының бетін алып, сау малға жаққан. Ол малда иммунитет қалыптасып, күл ауруына шалдықпайтын көрінеді. Мұны ағылшындар ХVIII ғасырда тапса, ата-бабамыз баяғыдан қолданған. Тек бұл арнайы құжатталып тіркелмегендіктен, оны тұманды Альбион тұрғындары пайдаланып кетіп отыр.

Осыны ескерсек, ха­лық­тық медицина туралы сөздерді жиі айтамыз. Түрлі халықтық медицинаны пайдаланып та жатамыз. Ал бірақ халықтық ветеринария дегенді аузымызға да алмаймыз. Ғасырлар бойы жасаған емдеуді, былайша айтқанда, дәлелденген тәсілдерді неге жаратпасқа?.. Біз білетін Кеңес заманы кезінде түрлі мал ауруының алдын алу үшін үлкен жұмыстар жүр­гі­зілетін. Тіпті сол малды бағып отырған адамдардың денсаулығы бірінші кезекке қойылмай қалып, мал­ды бірінші кезекке қоятын да жағ­дайлар болып жүрді. Бұл мүмкін «Медицина адам баласын, ве­те­ринария адамзатты емдей­ді» деген қағидатты ұстан­ған­дықтан да болар. Сонау 70-жыл­дардың ортасында қызықты бір жағдайдың болғаны да бар. Саралжын ауы­лын­да «Сартүйе» атанып кеткен ойсылқара түлігі бар еді. Шағын ауылдың «жедел жәрдемі», «таксиі» сияқты тағы басқа қызметтер­ді осы «Сартүйе» атқаратын. Күні жетті ме, уақыты жетті ме, әйтеуір «Сартүйе»  о дү­ниелік болып кетті.

Ал екінші күні облыс орталығынан тікұшақпен арнайы адамдар келіп, зерттеп қарап, оны мал моласына көмді. Қауіпті аурудың алдын алу шарасы болар, бірақ ауылдың қутілді адамдары, — Апырмай, бізден гөрі үкіметке «Сартүйе» қым­бат екен ғой. Біз осылай болып жат­сақ, облыс орталығынан тік­ұшақ келер ме еді?- деп әзіл­де­гендерін де естіп едік. Шындығына келсек, адам ауру­ларының 70 пайызы мал және одан алынған өнімдерден берілетіні сөзсіз. Бүгінде ауылдық жерлердегі ветеринария қызметі енді-енді жанданып келеді. Дейтұрғанмен, мына нарық заманында ауырған малды мал дәрігері емдеп, жазады деу де қисынсыз. Өйткені дәрі-дәрмектердің көбі ақылы. Ауыр­ған мал үшін бір құлаш дәрі-дәр­мек­тің атын қағазға түртіп, мал иесі­не береді. Ал көпшілігінің бұған қаражаты жетпей, ауырған малын емдеуге жағдайы болмай жатады. Қазіргі күнде еліміздің әлеу­мет­тік дамуы жоғарылауына байланысты ауданымызда да ветеринария саласы жақсы жолға қойылуда. Осыған орай аудандық ветери­нария бөлімінің басшысы Аман­жол Қажығалиевті әңгімеге тарт­қан болатынбыз.

- Ауданымыз бо­йынша биылғы жылға арналған құ­­тыру, пастереллез, сібір жарасы, но­дулярлы дер­матит сынды жұқпалы ауруларға қарсы про­фи­­лактикалық жұмыс­тар наурыз айында басталды. Ауданы­мызда ауыл шаруашылы­­ғы жа­нуар­ларының құлақ сырға­ла­ры да жеткілікті. Сонымен қа­- ­тар ауыл шаруашылығы жануарларын бір­­дей­лендіру жұмыстары бас­­та­лып кетті. Жалпы, ауданда­ғы ве­те­­ри­нарлық ахуал тұрақты. Мақ­сатымыз қолдағы бар мал­ды түрлі жұқпалы аурулардан сақтау үшін алдын ала кешенді жұмыс­тар жүргізу болып табылады,-деді.

Бөлім басшысын әңгімеге тарт­қан кезде көкейімізге мынандай да ой келді. Бұрынғы ветеринария саласы қазіргі күнде төрт мекемеге бөлінген. Айталық, ветеринария бөлімі, ветеринарлық инспекция, ветеринария қызметі және ветеринарлық зертхана. Мекемелердің аттарынан ат үр­ке­ді. Ал жауапкершілігі қандай? Сө­­зі­міз дәлелді болу үшін айтайық, өткен жылы көшеде өліп қалған бір ит­тің өлімтігін кім жинайды? — деген мәселе туындағанда, бұл меке­­ме­лердің құзырына кірмейтін болып шықты. Талап бойынша солай болар, бірақ бұлардың да белгілі бір ықпалы болуы керек емес пе?! Тағы да өткенге көз жібереміз ғой. Кеңес заманы кезінде төрт меке­ме емес, бір аудандық ветери­нария бөлімі барлығына да үлгеріп отырды. Таяуда мерейтойын атап өткен өңірге белгілі тұлға, ауыл шаруашылығының білгірі Абат Есенғалиев, кейін осы мекемені Тұрақбай Дүйсенов ағамыз биікке көтеріп еді…

Күні кеше облыс басшысы халық алдында есеп бергенде ветеринария саласына және ауылдағы кадрларға байла­ныс­ты ұсыныстар сөз болды. Ауыл­дан шыққан жастарды ветеринария саласынан білім ал­ғы­зып, оларды сол туған жерінде тұрақтанды­ру үшін пәтермен, басқа да тұрмыс­тық жағдайла­­рын қамтамасыз ету ту­ралы құнды ұсыныстар ай­тылды. Бұл мәсе­ле­нің түпкі қа­зы­ғына келетін бол­­­сақ, ол ауылды көркейту болып та­былады. Себебі қора-қора қой, үйір-үйір жыл­қы – ел байлығы. Сол тұр­мыс­тың ауылдағы негізгі тіні ол – мал. Ал малды аман сақтауда мал дәрігерлерінің рөлі зор.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале