23 маусымда елімізде қос мейрам аталып өтіледі. Оның бірі - Мемлекеттік қызметшілер күні болса, ал екіншісі - Отан үшін отқа да, суға да түсуге даяр, ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өмірін қатерге тігіп жүрген батыл жандардың төл мерекесі.
Қоғам алдында үлкен жауапкершілік арқалап, әрдайым қауіп-қатерге қарсы тұрған, күні-түні ел тыныштығын күзеткен тәртіп пен қауіпсіздіктің қорғаны, тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақшысы - қазақ полициясы. Иә, полиция қызметінің қаншалықты күрделі һәм қауіпті екеніне мән бере бермейміз. Күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған сақшылардың ерлігі ерен. Міне, осындай өз қызметінде жасаған ерлік ісін, ерлік емес басты міндетіміз деп жүрген полиция қызметкерлерін бүгінгі күннің батырлары десек те болады.
Қалың жұртшылықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін аталмыш мамандық иесін күнде көріп жүргенімізбен, оның қызметі туралы көп біле бермейміз. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің тұсында қоғам тыныштығын күзетіп жүрген жас тәртіп сақшыларымен тілдесудің сәті түсті. Еліне адал қызмет етуді мақсат тұтқан сақшылардың бірі, полиция майоры Әлихан Ізбанов. Ол 1990 жылы Тасқала ауданы Мерей ауылында дүниеге келген. Сол жерде мектепті тәмамдаған соң ҚР Ішкі істер министрлігіндегі Бәрімбек Бейсенов атындағы академиясына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң Жаңақала аудандық полиция бөліміне учаскелік көмекші болып жұмысқа орналасады. Содан 2013 жылдан 2018 жылға дейін учаскелік полицейі болады. 2018 жылдан осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімнің учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол - антына адал жас маманның бірі.
Әкесі Темірхан Құттығалиұлы көп жылдар бойы құрылыс саласында жұмыс істеген. Ал анасы Лариса Фарухқызы Мерей ауылдық жалпы орта білім беретін мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымында. Артынан ерген інісі Орал қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінде құтқарушы болып қызмет атқарады. Күн-түні қырағы қызметте жүрген тәртіп сақшысы отбасына аз уақыт арнайды. Десек те, үлкеннен алған өнегесін ұрпағының бойына дарытуға уақыт табады. Аяулы жары Ақмарал мен қос ұлы қоғам тыныштығын күзеткен отағасының қарбалас қызметіне түсіністікпен қарайды. Болашақта ұлдарының Отан алдындағы борышын өтеп, халыққа адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеуде.
- Бала күннен бастап осы салада жұмыс істеуді армандадым. Қызмет бабында әртүрлі жағдай болады. Бірақ қандай жағдай болған күнде де полиция қызметкері өзіне берік болуы, кез келген істі салқынқандылықпен, байыппен қарауы қажет. Тәртіп сақшысы заман ағымына сай өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, дамытып отыруы тиіс. Полиция қызметкері болу үшін, білімді де білікті болу аздық етеді. Елдің алғысына бөленіп, бейбіт заманның батыры деген атқа лайық болу үшін, ең алдымен, өз мамандығыңды жақсы көріп, жұмысыңды жетік меңгеріп, күн-түн деп бөлмей, ауа райына қарамай аянбай еңбек етуге дайын болу керек. Сондай-ақ, полиция боламын деп шешім қабылдаған әрбір адамның бойында ең алдымен ел мен жерге деген патриоттық сезімнің болуы маңызды. Халықтың тыныштығын сақтау басты міндетіміз,-дейді полиция майоры Әлихан Темірханұлы.
Иә, тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Ауданда болып жатқан түрлі қылмысты анықтауға үлес қосып келеді. Жас сақшы жүгі ауыр қызметте жүргенін мақтан тұтады.
Ақсәуле Сексенбайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz