Казталов аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиевтің 70 жасқа толуына арналған «Шырқал ән, төгіл дауыс» атты концерті өтті.
Концерт шымылдығы «Серпер», «Жұбанов көктемі», Тайвань елінде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі көркемдік жетекшісі және бас дирижері «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Еркін Нұрымбетовтың дирижерлік етуімен оркестр орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлі «Қарашаңырағым», «Тілеуқабақ», «Салем» әндерін әуелете шырқап, көрермен көңілін бір серпілтті. Кезек-кезегімен шырқалған әсем әндерден соң кеш кейіпкері Хатимолла Бердіғалиев сахна төріне шығып, туған жеріне деген сағынышты лебізін білдірді. Жырын сағынған халқына «Шегенің термесі», «Сүйген болсаң сағынарсың», «Құшақ жайған қандай адам», «Дос әзілі» әндерін өзінің қайталанбас даусымен төгілте шырқады.
ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Аңсар Бердіғалиев жеке домбырада Дәулеткерейдің «Қос ішек» күйін, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиев дирижерлігімен оркестрдің орындауында Дәулеткерейдің «Жеңгем сүйер» күйін күмбірлетсе, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты Ардақ Айғалиева Сегіз серінің «Гауһартасын», Шәмшінің «Ақмаңдайлым» әнін әуелете шырқады.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов киелі сахна төрінде Сәрсенғали Бисенғалиевтің «Көңіл сыры» әнінің тұсауын кесіп, әнді алғаш болып орындады. Сыдық Мұхамеджановтың «Каватина серке» әнін оркестр сүйемелдеуімен жеке орындағаған Айбар Хайырханов, келесі «Әйтеуір сол бір қыз сұлу» атты әнді кеш кейіпкері Хатимолламен бірге қалың көрерменге ұсынды.
Концерт барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның танымал өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй төгілтіп, көрермен көңілін тебірентті. Халықтың үлкен қошеметіне ие болған өнерпаздарға көпшілік көрермен толассыз қол соғып, орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Концерт соңында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев сөз алып, өңірден шыққан өнерпаз Хатимолла Бердіғалиевке ата салтымен шапан жауып, естелік сыйлық табыстап, барша өнерпаздарға аудан атынан алғысын жеткізді.
Өнерпаздың жерлестері Нұрсай ауылының азаматтары әншіге сәйгүлік мінгізіп, мәртебесін асқақтатты.
Казталов ауданының атын көпке танытып, өнерімен өңірдің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Хатимолла Бердіғалиевке және филармония өнерпаздарына деген құрмет мұнымен толастамай ауданға қарасты Казталов, Қошанкөл, Болашақ және Ақпәтер ауылдық округтері атынан, аудан спортшылары атынан, аудан азаматтары атынан тұлпарлар тарту етілді, сый-сияпаттар жасалды.
Туған елінің толассыз қошеметі мен құрметіне шексіз ризашылығын білдірген Хатимолла Бердіғалиев өзімен бірге ере келген жанына жақын ағасындай болып кеткен Ғабдрахим Маралұлын, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабышұлын, сырлас досы Сәрсенғали Бейсенғалиұлын және Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры Асхат Тарасұлын сахна төріне шақырып, сөз кезегін ұсынды. Әнші өмірінде ойып тұрып орын алатын тұлғалар, Хатимолла жайында жан тебіренте сөз сөйлеп, елінен шыққан дарабозға туған елінің дархан пейіл танытып жатқанына шын риза болысты. Концерттік бағдарлама аяқталған соң көпшілік көрермен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиевке, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәліге және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырхановқа ат мінгізу рәсіміне куә болды.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz