25.04.2022, 11:31
Оқылды: 188

Хамбетовтар «Оқырман отбасы» атанды

Бірлік күніне орай Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Оқырман отбасы» байқауы өтті. Отбасындағы ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, бала тәрбиесіне көңіл бөле отырып, кітап оқуға ынталандыру байқаудың мақсаты болып табылады.
15

Оқырмандар байқауына Сулыкөл, Үшана, Үшағаш, Жусандыой, Шөптікөл ауылдарынан келген кітапқа құмар отбасы мүшелері қатысты. Алғашқы болып сөз алған кітапхана директоры Нұржамал Сәрсенқызы байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Аталған байқау шарттары бойынша отбасы мүшелерінің сүйіп оқитын кітаптарынан көрме ұйымдастыру, «Ата-анадан өнеге», «Ертегі оқып берші» және қазақ ауыз әдебиетінен сахналанған қойылым бөлімдерін қамтыды.

14

Бірінші кезең бойынша әр топ өздерінің сүйіп оқитын кітаптары жөнінде таныстырып өтті. Кітап таныстырылымында әділқазылар мен көрермендердің ерекше назарын аудартқан топтар қатарында Хамбетовтар, Рахметовтар, Бекжановтар отбасы бар.

Хамбетовтар отбасында қазақтың маңдайалды зиялыларынан Абай, Шәкәрім, Мұқағали секілді қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармалары көптеп оқылады. Бұл жанұяның тағы бір ерекшелігі отбасындағы Алтынай мен Малика Мақсотовалар Абай және Мұқали оқуларынан өткен облыстық байқауларда жүлделі орынға ие болып жүрген дарынды бүлдіршіндер екенін атап өткен жөн.

18

Сулыкөлден келген Рахметовтар отбасында Ақжайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына көп ден коятындығы аңғарылды. Топтың жетекшісі Жанна Нұрбергенқызы ақын өлеңінен үзінді оқыса, қызы Ақұштап ақын өмірі жайында қазақша жазылған мәтінді ағылшын тіліне аударып оқып берді.

Жусандыой ауылынан келген Бекжановтар отбасы облысымызға танымал ақын Дариға Мұштанованың өлеңдерін көп оқитындығын баяндап өтті.

Байқаудың екінші кезеңінде ата-аналар өнерінен көрініс көрсетіп, Жылқышиндер отбасы «Ауылға барам» әнін, Бекжановтар отбасы «Анаға сәлем» әнін, Аймағамбетовтар отбасы «Асыл әжем» әндерін әуелетіп шырқаса, Сулыкөлдік Рахметовтар отбасы Роза Бағланованың мәңгілік бейнесіне арналған «Жарық ай» монологын, Хамбетовтар отбасы Жұбан Молдағалиевтің «Мен Қазақпын» поэмасын шебер орындап шықты.

16

Отбасылар сайысының келесі «Ертегі оқып берші» және қазақ ауыз әдебиетінен сахналанған қойылым кезеңдері бойынша салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар бағытында шағын көріністер ұсынылды.

13

Байқау қорытындысында әділқазылар алқасының шешімі бойынша байқауға қатысқан қаратөбелік Хамбетовтар отбасына Бас жүлде бұйырды. Хамбетовтар отбасы «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы-2022» облыстық оқырмандар байқауына жолдама алды. Ал І орынды Сулыкөлден келген Рахметовтар отбасы иеленді. Сайысқа қатысқан Жылқышиндер, Бекжановтар, Аймағамбетовтар отбасыларына алғысхат табысталды.

Әмірбек Әлібекұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале