Бөкей ордасы ауданы Хан ордасында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Бүгін баршамыз үшін ортақ мереке, ортақ той. Көптен күткен қуаныш. Нарынның құмында Құрманғазы, Дәулеткерей мен Сертектің күмбір күйі, Шамғон мен Тұяқ ағамыздың сазды әуені қалған. "Ауыл іші - өнер кеніші" демекші, қасиетті Орда топырағында таланттар легі әлі де толастамады деп сенеміз. Бүгін күрделі жөндеуден өтіп, есігін айқара ашып отырған мәдениет үйі дәл осындай таланттардың талабын ұштап, шеберлігін шыңдайтын өнер ордасы болсын, - деп тілегін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов мемлекетімізде мәдениет саласын қолдауда қолға алынған игі істердің мол екенін тілге тиек етті.
- Бір ғана тек биылдың өзінде инвестициялық қаржы негізінде музей-қорықта жаңа нысандар ашылып, ғасырлық тарихы бар ғимараттар қалпына келтірілді. "Ауыл -ел бесігі" бағдарламасы бойынша Хан ордасындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, Бисенде су жаңа мәдениет үйі салынуда. Алдағы жылы да бұл істер жалғасын табады деген үмітіміз бар. Бұйыртса, алдағы жылдары Ұялы, Саралжында да мәдениет үйі бой көтермекші. Келесі жылы аймақ басшысының қолдауымен облысымызда алғаш рет бес бірдей архив ғимараты салынбақшы. Ол да ең бірінші кезекте осы Бөкей ордасында салынады. Алла қосса, облыстың барлық ауданында архив ісі жолға қойылып, ғимарат салынады деп жоспарлануда. Мұның бәрі аймақ басшысының, ел президентінің мәдениетке деген оң көзқарасының нәтижесі, - деді.
Ал ақын Ғайсағали Сейтақ елдің өркениетін өрге сүйрейтін мәдениеті мен әдебиеті екенін айтып, бұл игі іс – бұйыртса екі-үш жылдан кейін тойланатын Бөкей хандығының 225 жылдығы, Хан ордасының 200 жылдық тойының бастамасы іспеттес деді.
Мәдениет саласының ардагері Роза Түменова да жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жаңарып, жаңғырған мәдениет үйінің бүгінгі келбеті көптің көңілінен шыққанын айтты.
Лента қию рәсімі ақын Ғайсағали Сейтаққа, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновке, мәдениет саласының ардагері, "Нарын әжелері" ансамблінің белді мүшесі Роза Түменоваға жүктелді.
Естеріңізге сала кетсек, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізген – "Әлем құрылыс" ЖШС. Жөндеу жұмысына 180 млннан астам теңге жұмсалды.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz