Наурыз – берекенің бастауы. Тамыры тереңге кеткен мереке- дәстүріміз бен діліміздің өзегі. Бұл күні адамдар өзара өкпе-назын ұмытып, кешірімге жасап, татуласқан. Ақ дастарқан басында ақжарқын көңілмен қауышып, жеті түрлі дәмнен тұратын наурыз көжеден дәм татқан.
Ұлыстың Ұлы күні Хан Ордасыдағы Жасқұс тоғайында дәл осы ауылдың бірлігі мен берекесін көрсеткен Наурыз тойы өтті.

Ауылдық округ әкімі Ғайса Махимовтың бастамасымен, ауыл көшелерінің ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен орынбасары Азамат Мұхамбетжанов барып арнайы қатысты.

Аудан басшысының құттықтау сөздерімен басталған шара ұйымдастырушы көшелермен таныстыру рәсімімен жалғасты.

Жалпы бұл күні мерекелік шараға Қарасу ауылы, Т. Жароков, А. Оразбаева, М. Зұлкашев, Ш. Шарафутдинов, А. Мәметов және М. Өтемісұлы көшелерінің тұрғындары киіз үй тігіп, мерекелік дастархан жайды.

Шара барысында концерттік бағдарлама мен спорттық сайыс қамтылды.

Тойға келген қауым ән айтып, би билеп, садақ атты, арқан тартысты, гір тасын көтеріп, ләңгі тепті, алтын қабақ сынды ұлттық ойынды да ойнады.

Шара соңында аудан басшысы әр көше уәкілдеріне ризашылығын білдіріп, алғысхатын табыс етті.


Еркебұлан Бисенғалиев
Суретке түсірген автор
Бөкей ордасы ауданы