Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті.
Шын жүйріктер тай жарыс пен ұлттық ойындарда бақтарын сынасты. Дала қызықтарының ашылу салтанатында Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов сөз сөйлеп, ұйымдастырушы азаматтарға алғысын білдірсе, ауыл ақсақалы Зейін Ибраев сайысқа қатысушыларға ақ жол тілеп, батасын берді.
Алты шақырымға созылған тай жарысында ханкөлдік Нұршат Жұмағазиевтің тайы бірінші келсе, соналылық Марат Рахимовтың тайы ІІ орыннан көрінді. Үшінші орынға шалғындық шабандоз Сұлтанбек Талаповтың тайы табан тіреді.
Сонымен қатар дала тойы қазақ күресі, қой көтеру, аударыспақ, арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерімен жалғасты.
Дала қызықтарының сәнін кіргізген қазақ күресінен қаратөбелік Мағжан Серіков І орынды иеленді. Қой көтеруден Шопан ата төлін 110 рет көтерген тағы да қаратөбелік Мағжан Серіковке ешкім тең келмеді. Арқан тартыс сайысында командалар ішінен көршілес Сырым ауданы Бұлдырты ауылының жігіттері күштерінің басым екенін байқатып, тігілген жүлдені еншіледі. Ал аударыспақ сайысында ханкөлдік Бауыржан Батырғалиев өзінің ат үстінде өскен тақымды ұл екенін көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Гір тасын көтеруден бұлдыртылық жігіттер ешкімге дес бермеді.
Дала дүбірі мұнымен шектеліп қоймай, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйде жайылған ақ дастарқан басындағы ақ жарма тілектермен жалғасты.
– Бүгінгі аламан бәйге Ханкөл ауылының тұрғындарының алғашқы бас қосуы емес. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы да ауыл азаматтары бірігіп осындай той ұйымдастырған болатын. Бұл ханкөлдіктердің ауызбіршілігінің, ауыл тұрғындарының қай кезде де бір жеңнен қол шығара алатындығының тағы бір көрінісі. Алда әлі де атқарылар жұмыстар көп,- дейді ұйымдастырушылар.
Ханкөлде өткен дүбірлі тойда аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Мұхит жастары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен қызу қуу және бағанаға өрмелеу сайысы өтті.
Қыз қууда екі жігітті бірдей қамшының астына алған ханкөлдік Анар Мұқашева көпті тәнті етті. Ал бағана өрмелеуде өз ептіліктерін көрсеткен жігіттер де сыйдан құр қалмады.
Ажаргүл Әлиева,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер