Қазақ – ежелден кең пейілді, жаны жомарт, көңілі дархан халық. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға қолұшын созып, қолдау көрсеткен. Бүгінде осындай игі іске мұрындық болып жүрген «Харекет» қайырымдылық қорының жөні бір бөлек. «Харекет» қоры осы кезге дейін қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, еліміз бойынша 400-ге тарта отбасыға баспана алып беріп, қаймана халықтың жанашыры атанып келеді.
Бүгін облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Дулат Мақатов пен аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Алтынбек Ермекқалиевтің ұсынысымен, республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының қолдауымен жаңақалалық тұрмыстық жағдайы төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыға 4 бөлмелі баспана берілді.
«Харекет» қорының мақсаты – халықтың демеуімен мұқтаж жандарға үй не жер телімін алып беру немесе баспана салуына көмектесу болып табылады.
Жаңақала ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Орынгүл Бәделоваға қор шешімімен аудан орталығынан жер үй сатып алынды.
- Расы керек, бас қайғымыз баспана болып келіп еді. Жалдамалы пәтерлердің жағдайы мәз емес. Баламның алды ержетіп қалды. Солардың болашағын ойлап, қам жейтінмін. Жеке баспанамыз болса ғой деп армандайтынбыз. Ойламаған жерден Алла тілегімізді қабыл етті. Аллаға мың шүкір. Маған отбасымының жеке баспанасы болатыны туралы сүйінші хабар жеткенде, қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Біздің баспаналы болуымызға жәрдемдескен «Харекет» қайырымдылық қорына және басқа да азаматтарға шын көңілімізбен алғыс айтамыз, – деді Орынгүл Бәделова жанарына қуаныштан жас үйіріп.
- «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұстанымы бар қорымыздың мақсаты – халықтың демеуімен мұқтаж жандарға, яғни жетім-жесірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы, жалғыз басты аналарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу. Қорымыз бұл істі «30 күнде – 60 баспана!» деген акция аясында өткізуде. Егер еліміздің әр азаматы қор шотына немесе кісі көп жиналатын жерлерде орналасқан арнайы жәшіктерімізге ай сайын 1000 теңгеден салып тұрса, осындай баспана беруге мүмкіндік туады. Жиналған қаражатқа міндетті түрде есеп беріліп тұрады» дейді қордың БҚО бойынша өкілі Демежан Шынболатұлы.
Көпбалалы анаға баспананың кілтін самбодан жастар және жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, жерлесіміз Ерасыл Бақыт салтанатты түрде табыстады. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева көпбалалы анаға «қонысыңыз құтты болсын!» деген ізгі тілегін білдіріп, аудан әкімдігі атынан сый-сияпат жасады. Сондай-ақ ол «Харекет» қорына аудан басшысының атынан ризашылығын жеткізіп, алғыс хат табыс етті.
Тосын сыйға таңырқаған көпбалалы ана О.Бәделова қуанышын жасырмай, Қазақстан халқына, ел азаматтарына алғысын жаудырды.
Қорға қолдау білдіріп, сауапты істерге атсалысуға ниетті жандар үшін қордың есепшоты:
Каспий депозит: ИИН 720208401907
Каспий голд: 5169 4931 1417 0866
Каспий кошелек: 08.02.1972 87765002029
Киви кошелек: 87765002029
Халық банкі: 5354 5100 0423 7615
ИИН 720922403102
Алтынбек Серікқалиұлы,
Жаңақала ауданы