14.08.2023, 17:45
Оқылды: 40

Якусоку кумитэден жеңіске жетті

Жуырда Жәнібек ауданындағы «Бейбарыс» клубы каратэшілері Орал қаласында каратэ-до шотоканның «Якусоку кумитэ» бағдарламасы бойынша өткен ашық қалалық турнирге қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

InShot_20230814_155329708

Аудан орталығындағы Асан Молдағали жаттықтыратын «Бейбарыс» клубы «Бүкіләлемдік каратэ конфедерациясының нұсқасы бойынша Қазақстанның каратэ федерациясының» филиалы болып есептелінеді.

Каратэнің базалық тәсілдеріне негізделген «Якусоку кумитэ» жарысында қала командаларымен қатар бақ сынаған 6-7 жас ерекшелігіндегі Ілияс Амангелдин мен Дарын Серік І орынды иеленсе, 8-9 жастағылар арасында Медина Қаташева ІІ орыннан көрінді. Ал 10-11 жастағылар арасында Сезім Біләл және 12-13 жастағылар арасында Дәулет Серік жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар 18 және одан жоғары жастағы категорияда сынға түскен Асан Молдағали І орын алды. Турнирді ұйымдастырған тәжірибелі жаттықтырушы, 3-дан иесі, каратэ шебері Нұржан Тоқсанов сайыс соңында мұндай шараны әлі де өткізіп тұру керектігін айтып өтті. Өйткені мұндай турнир каратэ-до шотоканмен айналысушыларға зор пайдасын тигізеді.
- Әрине, каратэмен жаттығушы шәкірттердің осындай жарыстарға дайындалып, өнер көрсетулері - олардың кихон-ды (базалық тәсілдерді) жақсы игерулеріне үлкен ықпал етеді. Дене бітімінің қозғалыстары соған бейімделеді. Кихонға жақсы бейімделген адамның каратэдегі соққылары мен жүріс қимылдары жинақы, түзу болады, тепе-теңдікті дұрыс сақтай алады. Өйткені каратэ тек спорттық жарысқа шығып, медаль алумен шектелмейді. Бұл тек каратэнің бір бөлшегі ғана. Негізгі каратэ кихон мен ката, арнайы бағдарламамен құрылған кумитэден тұрады. Осы үшеуін тырысып үйреніп жүргенде ғана жаттығушы шәкірт өзін толыққанды каратэшімін деп айтуына болады. Ал тек спорттық каратэ бойынша ғана дайындалып, жарыстардан орын алу - бұл тек каратэнің бір бөлшегімен ғана айналысу. Спорттық каратэмен бұрын айналысушы шәкірттің арсеналында ең бірінші каратэнің базалық қимыл-қозғалыстары, арнайы тәсілдері дұрыс, тиянақты болуы қажет. «Якусоку кумитэ» жарысына қатысқан жәнібектік спортшылар жақсы өнер көрсетті. Бұл турнирдің алдында кейбір балалар спорттық каратэ бойынша да жарыстарға қатысқан болатын. Яғни, жалпы алғанда каратэ жарысы бойынша біреуіне бұл үшінші жарыс болса, енді біріне алғашқы болды. Ал енді дәл осы «Якусоку кумитэ» турниріне барлығы да ең алғашқы рет қатысып тұр. Аудандағы колледж спортзалында каратэ жаттығулары екі айдан аса уақыт бойы өтуде. Осы аралықта шәкірттер жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Мысалға алатын болсақ, 10 күн жаттыққан Ілияс Амангелдин ең алғашқы жарыста (Оралда) финалға дейін барып, ІІ орынды иеленді. Мұндай нәтиже, әрине, қай шәкірттің болсын ден қойып жаттығуының нәтижесі. Шәкірттер тек колледж залында ғана емес, жарыстың алдында қалаға ертерек барып та сондағы арнайы залда жаттығудан өтеді. Осылай тәжірибе де жинақтайды. Маусым айында каратэден өткен оқу-жаттығу жиынына да барып келдік. Жәнібек колледжінде жаттығуымызға мүмкіндік берген сондағы басшы Берік Ықсанов ағамызға алғысымды білдіремін. Жәнібектік өрендер каратэ жаттығуларынан тек жүлдегер немесе чемпион болып қоймай, спорттық тәртіпке де үйренеді. Спортшы жаттығу қиындықтарына шыдаса, өмірде болатын түрлі қиындықтарға да шыдайды деп ойлаймын. Өйткені дұрыс жаттығып, нәтиже көрсететін спортшыдан тек жақсы жеңімпаз ғана емес, өмірде де жақсы адам шығады деп үміттенемін, - дейді жаттықтырушы Асан Нарынбайұлы.

Лаура Қайратқызы
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале