31.01.2024, 14:30
Оқылды: 64

Янайкин атауы қазақшалана ма?

Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың елмен есептік кездесуі Янайкинде жалғасты. Кездесу барысында аталмыш ауылдық округ әкімі Сәуле Аққайырова былтыр атқарылған жұмысты саралап, жетістіктерді жіктеп, биылғы жоспарын баяндады.

IMG-20240131-WA0006

               Былтыр кездесуде көтерілген түйткілдердің тіні тарқауда. Ауылдағы өткір тұрған мәселенің бірі – жарықтың жиі сөнуі. Жарық сөнгенде желілерді жөндеу қиындық тудыруда. Аудандық мәслихат депутаты Думан Шанов осы мәселеге байланысты біраз тер төккен. Нәтижесінде биыл ауылдағы электр желілері мен бағандарын ауыстыру жұмысы жоспарланған. Янайкиндіктер жарыққа жарымауының себебін трансформатордың ескілігінен көрсе, аудандық электр торабының округтегі қызметкері Мағжан Зайтов трансфарматордың қуатында мін жоғын айтып, бар гәп желіні жаңартуда дейді. Сондай-ақ кіреберіс жолға жарықтандыру жүргізіліп, 15 шам орнатылған. Ал былтырғы жиында қозғалған мал бордақылау алаңын қалпына келтіру, тіс емдеу кабинетін қайта ашу мәселелері де қазір оңынан шешімін тапты.

IMG-20240131-WA0008

               Есептік жиын барысында тұрғындар тарапынан жол-көлік оқиғасы салдарынан мал мен жанның жиі зардап шегуіне байланысты жылдамдықты жүгендеу шарасы, ауыл көркін кетіріп тұрған ғимараттардың иесін анықтап жөндету не сүрдіру жұмыстары, балабақша, дәріхана ашу, жаңа емхана салу, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында үйірмелерді жандандыру, қысқы спортқа қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сынды бірқатар мәселелер қойылды. Ал Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп мұғалімі Замир Ғұмаров Янайкиннің атауын қазақшаласақ деген көпшіліктің қалауын жеткізді. Аудан әкімі бұл сауалды округтегі қоғамдастық өкілдері жергілікті тұрғындармен бірлесіп шешетінін айтты.

IMG-20240131-WA0009

               - Ауылдың қоғамдық кеңесінде аталған мәселе қозғалды. Ауылдық округіміз Ақжайық ауданымен іргелес жатыр. БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына барған кезде осы Янайкин ауылының тарихи атауын іздедім. Картада бұрын осы ауылдың дәл жанында Қосжайық деген елді мекен болған екен. 1849 жылғы картаны алып, Жайықтың бойын қарап отырып, лупамен қарап, таптым. Егер ауыл тұрғындарының талап-тілегі ұштасса, осы байырғы атауы ауылға жарасады деген ұсынысым бар, - деді аудандық мәслихат депутаты Думан Шанов.

               Ауылдағы бөбекжайдың жұмысын жандандыруға қатысты сауалға жауап берген аудан басшысы 1 жастан бастап 40 тәрбиеленуші жиналса, бұл бағытта оңтайлы шешімі қарастырылатынын жеткізді. Ал балабақша жанынан үйірме ашу заң талаптарына қайшы келуі себепті оған бөлек ғимарат қажет болады. Биыл мұнда Тәуелсіздік, Т.Бегилдинов, Б.Момышұлы, Достық, Бәйтерек, Еуразия көшелерінің жолдары жөнделмекші.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале