19.12.2024, 10:15
Оқылды: 174

Янайкинде мал бордақылау кешені ашылды

Қазіргі таңда облыс көлемінде 40 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңдары бар. Әзірше ол облыс көлеміндегі сұранысты қанағаттандырып отыр. Дегенмен де көршілес Атырау, Маңғыстау өңірлерінен, Қостанай, Түркістан облыстарынан, Шымкент қаласынан ет алушылар саны артып келеді. Сол себепті алдағы уақытта өңіріміздегі мал бордақылау алаңдарының қуаттылығын 50-70 мың басқа дейін жеткізу жоспары тұр.

IMG_7850

Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев Янайкин ауылындағы «ТЕRRA AKJAYYK» ЖШС-ның мал бордақылау алаңының ашылуы кезінде мәлімдеді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ҚПО б.в. компаниясына жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері ұсыныла бастағаны белгілі. Бұл бағытта «ТЕRRA AKJAYYK» серіктестігін зәкірлі компаниясына айналдырғымыз келеді. Ұсақ шаруашылықтар соның аясында жұмыс істейді. Сол себепті мына ашылып жатқан мал бордақылау алаңының мүмкіндігі зор. Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін 70 пайызға жетізуіміз керек. Қазіргі таңда облысымызда бұл көрсеткіш 60 пайыз шамасында. Алдағы бір-екі жылда 70 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Мына ашылып жатқан мал бордақылау алаңы оған да айтарлықтай үлес қосары сөзсіз, - деді Нариман Төреғалиұлы.

Сиыр ЖП Бәйтерек

Айта кетейік, аталмыш кешен 2010 жылы жұмысын бастаған еді. Алайда істеуінен тұруы көп болды. Ашылу салтанаты кезінде сөз алған Янайкин ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Темірғали Жамболатов атап өткендей, кешен қожайындары біраз ауысқанымен, жолы болған жоқ. Енді «бағы ашылады» деген сенім бар. Себебі «ТЕRRA AKJAYYK» ЖШС қазіргі таңда Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округінде 5 мың басқа арналған бордақылау кешенін ұстап, қолынан іс келетінін дәлдеп келеді.

Серіктестік директоры Қайыржан Наурызғалиевтың сөзінше, олар биылғы қаңтарда өткен ашық аукцион саудасы кезінде осы кешенді сатып алып. Қайта жобалау жұмыстарын жүргізіп, қуаттылығын арттырған, яғни енді 15 мың басқа дейін бордақылауға мүмкіндік бар. Жалпы кешеннің жұмысын дамытуға 4,2 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл соманың 30 пайызы өз қаражаттары болса, қалғаны несие.

IMG_7869

Қазір мұндағы бордақылау алаңында 1,2 мың бас ірі қара малы тұр. Екі жылдық мал азықтық қоры дайындалды. Нақтылап айтқанда,  8,5 мың тонна шөп, 7 мың тонна арпа сатып алынды. 100-ден аса жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданды. Оларға арнап үйлер салынуда. Алғашында жұмысшылардың отбасы тұрып жатыр.

IMG_7884

– Біз қараша айынан бастап шаруалардан мал сатып алып жатырмыз. Күн сайын 100-150 бас мал келуде. Бірінші жылы жобалық қуаттылықтың 50 пайызын еңсергіміз келеді. Бұйыртса, екінші жылдан бастап толық қуатта жұмыс басталады. Ет комбинатының қуаттылығы ауысымына 120 басты құрайды. Келер жылдың басында ирандық ветинспекция мамандары келеді деп күтілуде. Сонда ет комбинаты сертификаттаудан өтеді. Одан кейін етті Иранға, артынан Қытайға экспорттау жоспарымызда бар. Жалпы жылына 2-3 тонна сиыр етін экспорттауды ойластырып отырмыз-деді Қайыржан Мақсотұлы.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале