Ол бала кезінен қазақы салт-дәстүрді көңіліне түйіп, санасына тоқып өсті. Өйткені айналасындағы көршілері мен бала кезгі достары, әлі күнге дейін араласатын жақындары – қазақтар. Бала күнін еске алғанда, оның есіне бірден үлкен қазанға әжесі пісіретін бауырсақтар түседі. Осы күні қонақ шақырса, оның дастарханы бала күннің бал дәміндей болған бауырсақсыз болмайды. «Қазақ жерін өзгеге алмастырмаймын» дейтін кейіпкеріміз – бәйтеректік Татьяна Малкина.
-Аулаға көрпешені жайып жіберіп, көрші балалармен бірігіп, күрең қызыл бауырсақпен шай ішкен күндерім әлі есімде. Сол шақтағы татулық пен бірлік, достығымыз әлі де жалғасып келеді. Қолымыздан келгенше осы бір ынтымақ дәстүрді жалғай беретін боламыз, - дейді бүгінгі кейіпкеріміз Татьяна Викторқызы Малкина.
Оның ата-анасы сонау бір жылдары Чиров ауылына тұрақтаған. Өзі де қазақ елінің Ресеймен шектесетін қиырындағы сол елді мекенде өмірге келіпті. Кіндік қаны тамған жерде мектепті аяқтаған соң Татьяна Викторқызы Орал қаласындағы бұрынғы А.С.Пушкин атындағы институтына түсіп, жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап шығады.
Туған жерден қымбат, қадірлі, ыстық мекен болмайды. Оның гүлденуіне үлес қосу керек дегенді өмірлік қағидасы санайтын кейіпкеріміз оқуын аяқтаған соң еліне оралып, еңбек жолын бастайды.
Балабақшада тәрбиеші, неміс тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған ол орыс ұлтына тән жинақылық, ұқыптылық, қазаққа тән қарапайымдылық, кеңпейілділік және бауырмалдық қасиеттерін бойына жия білген. Осы күні Татьяна Малкина бәйтеректік ағайынға жақсы таныс. Бес жылдан бері ол Раздольный орта мектебін басқарып келеді. Қоғамдық өмірде де белсенді жан аудандық іскер әйелдер қатарында. Сонымен қатар кейіпкеріміз сүйкті жар және ана. 25 жылдан астам уақыт бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан жары Антон оны қашан да қолдауға әзір.
-Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, перзент – оның жемісі. Арина және Екатерина атты қыздарымыз бар. Бала кезгі досым Айгүл Жүсіпқалиева мен Эльмира Ақтауовамен әлі күнге дейін жақсы араласып тұрамыз. Балаларымыз да дос. Айгүл Самара облысының Алексеевка ауылында, Эльмира Алматы қаласында тұрса да, арамыз ажыраған емес. Солай бола бермек,-дейді Татьяна Викторқызы.
Қыздарының дүниетанымынан, өмір сүру дағдысынан қазақтың мейірбандығын, қонақжайлылығын, кеңдігін көргісі келетін ұстаз перзенттерін қазақы дәстүрге баулып, толеранттылық пен мейірімділікке тәрбиелеп келеді.
Өмір жолын ашық және тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берген қазақ топырағына деген сүйіспеншілігі ерекше Татьяна Малкина Алғыс айту мерекесіне орай алдымен ата-анасы Александр мен Елена Дениссенко, Чиров мектебінің директоры болған Н.И.Баевқа, әріптестері және алыстағы достары Айгүл мен Эльмираға және барша қазақ еліне алғысын айтады.
-1 наурыз – Алғыс айту күні – маңызды мереке. Әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңіл мен бақыт-береке тілеймін. Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әр шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін. Ынтымағы мығым, ырыздығы мол мекенде татулықта алаңсыз өмір сүріп келеміз. Берекеміз арта берсін,- дейді Татьяна Викторқызы.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz