Аудан орталығындағы дәстүрлі көше тойы жалғасын тапты. 25 маусым күні ынтымағы жарасқан Амангелді Иманов, Мұстахим Ихсанов, Бауыржан Момышұлы, Мағжан Жұмабаев атындағы көшелердің тұрғындары бірігіп, керемет той өткізді. Біз де сол тойды суретке түсіріп, тамашалап қайттық.
Қазақтың біртуар азаматтарының есіміне ие көшелер қиылысында мерекелік сахна құрылып, тұрғындар бір-бірін құттықтап жатыр. Қиылыстағы алаңқайға жиналған халықтың қарасы қалың. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тойға келіп, өз үлестерін қосуда.
Тойға жиналған көпшілікті Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов құттықтап, тұрғындардың бірлігіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар округ әкімі тәй-тәй басқан кішкетай тұрғынның тұсауын кесіп, болашағына бақыт тіледі.
Жалпы аудан орталығында ұйымдастырылып жатқан көшелер тойының басты мақсаты — тұрғындарды біріктіру, тазалыққа, ұрпақтар сабақтастығына ұйытқы болу болса, қазаққа ортақ арда азаматтардың есімі берілген төрт көшенің тұрғындары бұрыннан ынтымағы бекем.
Бүгінгі тойда сөз алған әр көшенің тұрғындары көшеге есімі берілген азаматтардың өмірбаянына тоқталып, жас ұрпаққа керемет мәлімет берді. Тойда үлкендер бата беріп, концерттік бағдарлама оздырылды. Бойында өнер тұнып тұрған көше тұрғындары құйқылжыта ән салып, мың бұрала би билеп, құлақтың құрышын қандырар күйлерді де төкті.
Халыққа ерекше көңіл күй сыйлаған мерекеде ұйымдастыру алқасының шешімімен алуан аталымдар бойынша сыйлықтар таратылды. Қызықты көше тойы спорттық шаралармен жалғасты. Балалар жаяу жарыс пен асық атудан бақтарын сынаса, ересектер қол күресі, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлеріне қатысты. Барлық тұрғындар мерекелік дастарханнан дәм татып, арқа-жарқа болды.
Осының бәріне куә болып, «Ауыл тұрғындарының ынтымағы ажырамасын!» деген тілекпен үйге қайттық.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz