27.11.2020, 10:13
Оқылды: 76

Ынтымақты елге ырыс қонады

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дейтін Б.Майлиннің сөзі әлі де мән-мағынасын жоя қойған жоқ. Ауылдағы ағайынның тіршілігі игі бастамалардың арқасында жанданып, анағұрлым алға баса түсті.

FB_IMG_1606278731415

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Сұлу сөз өрнектеген ақын, ән тербеген сазгер, қызыл тілді шешен, ел қорғаған батыр да қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Ол бізге дейінгі сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Осындай қойнауына құт қонған берекелі ауылдың бірі – С.Меңдешев атындағы шағын округ.

IMG_2544

Бұл ауыл – ауданымыздағы ең жас ауылдық округ. Жас болса да өзгеге үлгі болатындай шаруасы оңды, жері қомды һəм шұрайлы округ. Алдымен ауылдық округ əкімшілігінде орналасқан шағын мұражайдағы дерек көздерін «сөйлетейік». Бұл округ облысымыздың оңтүстігінде, ауданымыздың солтүстігінде орналасқан. Жер көлемі – 59377 мың гектар. Қырқопа ауылы солтүстігінде Пятимар ауылдық округі, оңтүстігінде Көпжасар ауылдық округі, шығысында Бірлік ауылдық округі, батысында Мəстексай, Айдархан ауылдық округтерімен шектеседі. Этнографиялық құрамы 99 пайызы қазақтар мен 1 пайызға жуығы татар, орыс ұлтының өкілдері тұрады.

С.Меңдешевте мал саны артқан

Округтің экологиялық жағдайы ауданның басқа жерлеріне қарағанда біркелкі жақсы. Округке «Ақ үй», «Қызылбас», «Ақсай–1», «Ақсай», «Делгір», «Жолқұдық», «Сүгірəлі», «Балғын», «Қарабарақ», «Онпішен», «Байтоқ», «Қаразагон», «Қоңырсай», «Ақбай» сынды елді мекендер кіреді. Аталмыш округте қазіргі таңда 199 шаңырақта 1008 адам тұрады. Округте 50 шаруа қожалығы, 20 жеке кəсіпкер, 1 заңды тұлға бар. Ауыл тұрғындарына 1 орта мектеп, 1 балабақша, 1 емхана, 1 стадион, 1 спортзал, 1 кітапхана  қызмет көрсетеді. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл болғаннан соң халықтың негізгі күн көрісі төрт түлік мал екені белгілі. 2020 жылдың 1 шілде айына дейін сақталған мал басы (қожалықтар мен жекенің малын қосқанда) 6016 ірі қара, 9849 қой-ешкі, 1320 жылқы, 13 түйені құраған. Жыл ішінде шаруа қожалықтары 186 млн. 417 мың теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелетуде.

Жол жаңарып, «Ақбұлақ» келмек

- Мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніме 6 жыл болды. Ауылдық округ әкімі болып биыл тамыз айында тағайындалдым. Осы елдің тумасымын. Туған ауылымның өркендеуі үшін, оның жан-жақты дамуы үшін қолымнан келген істің бәрін жасағым келеді. Ауыл тұрғындарын көптен бері аудан орталығына қатынайтын жол мәселесі алаңдатқаны әмбеге аян. Бұл түйткіл де алдағы уақытта өз шешімін таппақ. Қазір таңда жол салыну үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Мұнан бөлек орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңадан мәдениет үйін салу секілді бірқатар жұмыстар жоспарлануда. Ал ұялы байланысқа келсек, қазір бізде «Beelline»-да ғана байланыс бар. Ал келесі жылы «Актив» пен «Теле2» қостыру жөнінде облысқа хат жазып, жұмыстанып жатырмыз. Мұнан бөлек, желтоқсан айында «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыл халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болғалы тұр.

FB_IMG_1606279070610

Осы орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталып кетейін. Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, туған ауылын бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп ойлайтыны сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер туған жердің топырағынан дариды деп есептеймін. Соңғы жылдары ауылымыздың жалынды жастары кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай жақсы бастаманы қолға алды. Атап айтар болсақ, 2007 жылы мектеп бітіруші түлектер ауыл ажарын айшықтай түскен «Менің жүрегім – Қырқопа» жазуын сыйға тартса, 1998 жылғы түлектер ауылдың кіреберіс тұсына округтің төлқұжат монументін орнатып берді. Бұдан бөлек «Туған жерге тағзым» жобасы аясында 2008 жылғы түлектер ауыл саябағына жаяу жүргіншілерге арналған жол, шам, орындықтар орнатты, - деді әңгіме барысында С.Меңдешев ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрғазинов.

Міне, С.Меңдешев ауылындағы айшықты істерді көріп, халқының тыныс-тіршілігімен танысып, қазақтың бір берекелі ауылын көргендей сезіндік. Ауыл азаматтарының игілікті ісіне разы болдық. Ауылға көп ұзамай қатқыл табанды жол салынып, мектебі жөнделсе, нұр үстіне нұр болмақ. Ауылдағы ағайынның тілегі де сол. Тек сол ауылдың көз алдымыздағы ажары мен күнделікті базары молая берсін дейік, мұны әкімнің де, әркімнің қош алып, құптары, соған сай қызмет қыла бермегі кәміл.

 

Алтынбек Серікқалиұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале