25.07.2024, 23:05
Оқылды: 160

Юбилейный ауылында ұялы байланыс және интернет қосылды

Теректі ауданы Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылының тұрғындары үшін жылдың басты жағымды жаңалығы ұялы байланыс және интернет желісінің бір жолға қойылғандығы болды.

ЖП связь теректи

Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін аталмыш ауылдағы ағайынмен тілдесіп, хат алмасудың өзі біраз кедергі келтіретін. Неше түрлі технологияның халыққа жол тартқан ғасырында өркениеттен тыс қалған ауыл тұрғындары өзекті түйткілді бір емес бірнеше рет көтеріп, шағымданып келді. 435 адамның арыз-шағымынан нәтиже шығып, жаңа базалық станция орнатылды. Енді интернетке именбей кіргісі келетін ағайынның көңілі жайланды.

  • Биыл наурыз айынан бастап, жел телімдерін бекітіп, құжаттарды жинақтадық. Қазіргі таңда құрылғы қойылды. Бұл өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қатаң тапсырмасы еді,- деген Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов ауыл тұрғыны Қаныбек Омаровқа және облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерғали Ержановқа, аудандық электр торбанының басшысы Ізімжан Нұрышевқа алғысын айтты.

Сондай-ақ 4 G желісінің жарқ еткеніне бүлдіршіндер қатты қуануда. Айталық, мектеп тапсырмасын орындап, қосымша іздену үшін интернеттің көмегі ұшан-теңіз. Заман ағымынан қалмай, әлеуметтік желілерге лезде кіретін мектеп оқушылары пайдалы яки таным көкжиегін кеңейтетін іспен айналысып, қазақша контенттін қаралымын көбейтсе, нұр үстіне нұр болады. Қала іргесінде орналасқан ауыл тұрғындарына сала мамандары тағы бір естен шығармау керек жайтты ескертті. Базалық станциялардың жұмысын тұрғындардың өз үйлеріне интернет күшейткіш құралдарын орнатқаны тежейді. Сол үйде ғана жылдамдығы артып тұрғанымен, өзге тұрғындарға кері әсерін тигізеді. Сол үшін күшейткішті орнатпастан бұрын өзге пайдаланушыларға да құрметпен қараған дұрыс.

Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале