Эльмира Тәженова 1969 жылы Базартөбе ауылында, қарапайым еңбек адамының жанұясында дүниеге келген. Әкесі Шаймардан ағай мен анасы Ақмаңдай апай – бес ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген аяулы жандар. Ағамыз жоғары оқу орнын бітірген соң, 3-4 жыл Есенсайда мұғалім болып, артынша туған ауылы Базартөбеде 40 жылға жуық мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бүгінде бақилыққа аттанған ұстаздың өнегесі талай шәкірті мен ауылдастарының есінде. Ақмаңдай апамыз – ауылдың қыз-келіншек, аналарына үлгі болған алтын құрсақты батыр ана. Пошта, мәдениет саласында қызмет еткен. оның жұртты тамсандыратын ерекше дауысы бар еді. Сызылтып, баппен ән салғанда, көпшілік сілтідей тынып қалатын. Әжелер ансамблінің қатарында өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына талай бөленеді. Олар Есенсайда тұрғанда біраз жыл көршілес отырып, аға-апамызбен арамыздан қыл өтпестей тату едік. Қонақжайлығы бір бөлек, дастарқан басында өнегелі әңгімесін өрбіткенде, көп ұлағат алып қалатынбыз.
Бала кезінен қабілет-дарынымен ерекшеленген Эльмира 5-сыныптан бастап Орал қаласындағы №11 мектеп-интернатта білім алды. Талай талантты тәрбиелеген осы білім ордасын үздік бітіріп, арман қуып Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсті. Ол оқуға түскен жыл – ел тарихындағы ерекше орны бар 1986 жыл еді. Бірінші курстың студенті – өндірдей бойжеткен ызғарымен есте қалған Желтоқсан оқиғасының куәгері. Тек куәгері емес, бодандыққа қарсы, азаттықты көксеген қазақ жастарының бел ортасында болып, алаңға шыққан.
«...Желтоқсанның ызғарын тап осы күні сездім, – деп еске алады сол күндерді Эльмира. – Кеш қарайып қалған уақыт. Жатақханада еш алаңсыз ұйқыға дайындалып жатқанбыз. Бір мезгілде терезенің тұсынан бір дауыс естілді. Құлақ салып тыңдасақ, қазақша патриоттық әндерді әуелеткен жастардың дауысы. Жалма-жан терезеден сыртқа үңіле қарасақ, жатақхананың алдына қазақтың бір топ қыз-жігіті жиналып тұр. Біздің қарағанымызды байқаған олар: «Дереу сыртқа шығыңдар, біз – қазақ елінің жастары өз еліміздің ертеңін өзіміз жасауымыз керек!» деп ұран тастады. Бізбен тілдескені сол-ақ екен, жүк көлігі қастарына тоқтап, ішінен бір топ милиционер сау етіп түсе қалды. Әрқайсысының жетегінде арпылдаған қарғыбаулы ит бар. Сол жерде топтасқан замандастарымызды жүк көлігіне тиеп алып, бірден көзден зым-зия жоғалды. Біздің ұйықтамай, терезеден бір оқиғаны көріп отырғанымызды білген бойда жатақхана коменданты ұрысып, «Ештеңеге араласпай, тыныш жатыңдар» деп бұйырды. Албырт кезіміз ғой, ештеңенің байыбына барып, түсінбесек те, жатақхананың алдына жиналған жастардың тектен-тек жүрмегенін, олардың еліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қыз-жігіттер екенін іштей түйсіндік. Айғай-шу, дабыра, коменданттың ұрысынан біраз қорқып та қалдық, ұйықтай алмай, сол түннен тынышсыз шықтық.
17 желтоқсан күні сабаққа келген бізді есік алдынан староста қарсы алды.
«Бүгін алаңда нашақор, бұзылған жастар бүлік ұйымдастырып жатыр. Ешқайсың алаңға барушы болмаңдар, егер сол жаққа бет алсаңдар, ректорға бәріңді ұстап, аты-жөндеріңді жазып беремін!» деп сұс көрсетті. Кешегі замандастарымның арасынан бұзығын да, нашақорын да байқамадық. Бұл айтылғандардың бәрі тұп-тура жала екенін біліп тұрмыз. Ақыры, айтқанын елеместен, бірінші лекциядан соң құрбы қыздармен көше бойында келе жатқан жастарға ілесіп кеттік. Жас та болсақ, соншама қазақтың қыз-жігіттерін бұзақылық емес, ұлы мақсат біріктіргенін сезіп келеміз. Сөйтіп, алаңға да жеттік. Алаңның бір жағынан қаптаған қаракөздерімізді, ал екінші жағынан мұздай қаруланған жасақшыларды көрдік. Анадай жерде өрт сөндіретін көліктер тұр. Қасымыздағы замандастарымыздан естігеніміз алаңға шыққан жастар ел басқаруға өзге ұлттың өкілін қойған кеңес үкіметінің саясатына қарсы, өз елін тек қазақ қана басқару керек деген ойларын білдірген екен. Қолдарында өздері жазған лозунгтар, шырқағандары атамекен туралы әндер».
Жай ғана алаңда не болып жатқанын білуге келген Эльмира мен оның құрбылары студенттердің әуелеткен әніне қосылып, рухтанып алды. «Әу дегенше болмады, басында бейбіт митинг ретінде басталған шерудегі жастарға әскерилер тас кесектерді жаудыра бастады. Милиционерлер жастарға қарсы шабуылдап, иттерді айтақтап жатыр. Сәт қана бұрын ән айтып, ұрандатқан жастардың жанұшырған дауысы алаңды азан-қазан етті. Ерсілі-қарсылы жүгірген жастарды дубинкамен ұрып-жығып, брезент жабылған жүк көліктеріне бірінен соң бірін тиеп жатыр. Ақ қар, көк мұзда қазақ қыздарын шашынан сүйреп, азаматтардың қолын қайырған бір-бір жендет...
Қасымда Зәуре деген алматылық қыз бар, екеуміздің аласапыранда алаңнан қалай құтылып шыққанымыз есімде жоқ, әйтеуір бір-бірімізді сүйреп жүрміз. Жатақханаға қарай қашып келе жатқан бетімізде алдымыздан бір милиционер атып шықты. Абырой болғанда, қазақ екен, екеуміз жалынып, өтінген соң, босатып жіберді. Осылай тұрағымызға жеткенімізбен, оған кірудің өзі мұң. Жатақхананың іші толған мұғалім, милиционер барша студентті сұрақтың астына алып жатыр. Сол күндері дүкенге өзіміз шыға алмаймыз, қасымызға міндетті түрде бір оқытушы еріп барады. «Қызыл империяға» қарсы қазақтың ашу-ызасы шырқау шегіне жетіп, отша лапылдаған сол күндері ұлтың қазақ болса, бәрі тергеп, тексеретін. Тіпті ата-анамызға амандығымызды айтып, хабарласуға да мүмкіндік бермеді. Сол кезде курстастарымның алаңда болғанын біліп қойып, оқудан шығарып та жіберді», – дейді Желтоқсан оқиғасының куәгері.
Сол күн есінде мәңгі сақталған Эльмираға осыдан кейін ұстаздары біраз уақыт суық қарап, оқуына да кедергі жасауға тырысқан. Әйткенмен, «Кеңес үкіметі» деп аталған алып державаның шаңырағына сызат түскенін ол сол ызғарлы күндерде байқаған. Ертең-ақ егемен ел атанып, ұлтының болашағын өзі секілді азат ойлы жастардың қалыптастыратынын сезінді. Осылайша ол барлық ерік-жігерін қолға алып, оқуын оқып, шет тілінің маманы атанды.
Алға қойған мақсат адамның тағдырын шешетіне рас емес пе? Ауылға оралған ол біздің округке қарасты Кеңсуат ауылындағы мектепке жұмысқа орналасты. Осы ауылдың азаматы Лұқпан Иманғалиевпен көңіл жарастырып, екі ұл, үш қызды дүниеге әкелді. Озық тәжірибесімен ерекшеленген мұғалімді Есенсайға алдыртты, бүгінде оның осы іргелі білім ұясында еңбек еткеніне – 28 жыл. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берген жан-жақты тұлға қалыптастырудағы табысы үшін аудандық білім бөлімінің алғысхатымен, мақтау қағаздарымен және 2016 жылы Желтоқсанның 30 жылдығы естелік медалімен марапатталды.
Сол желтоқсандағы иық тіресе қатар тұрған Эльмирамыз шағын ғана ауылда егемен елдің ұландарын тәрбиелеп, ауылдастарының зор құрметіне бөленуде. Алаңға шыққан қыз-жігіттеріміздің де көксегені осы емес пе?! Лайым, тәуелсіздігіміз тұғырлы, азаттықтың рухы асқақ болсын!
Мерует Қауымбаева,
Есенсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы, еңбек ардагері,
Ақжайық ауданы