Бүгін Жаңақала ауданындағы «Сарыарқа» кафесінде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аталған бірлестіктің 85 жылдығына орай көру мүшесі зақымдалған 25 мүгедек жандарға дастарқан жайылып, ас берілді. Жиынға Бірлік, Үшкемпір, Пятимар, Борық, С.Мендешев, Көпжасар және аудан орталығындағы зағип жандар қатысты.
Аудандағы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Садуохас Болатұлы осы жылы шілде айында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхатымен марапатталған болатын. Осы С.Болатұлының бастамасымен аудан бойынша І топ мүгедектеріне және церебральды сал ауруымен ауыратын балаларға инво-такси қызмет көрсетеді.
Ақ дастарқан басында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Дәурен Жарасов кафе басшысы Әділбек Жанболатұлына қайырымдылық айлығы аясында мәдени шараларға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, қоғамдық бірлестіктің БҚО филиалының төрағасы Мұрат Қадырбековтың алғысхатын табыс етті.
Шақырылған көз жанары зақымдалған жандар мен қоғамдық бірлестіктің төрағасы Садуохас Болатұлы Ә.Жанболатұлына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Н.Дүйсенбаева,
Жаңақала ауданы