Соңғы жылдары Жаңақала аудандық ауруханасының әл-ауқаты артып, заманауи медициналық аппараттармен жабдықталып, жаңа көліктермен қамтылып келеді. Бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болдық. Ақжолтай хабарды ести сала, «жақсыны көрмекке» деп аудандық ауруханаға ат басын бұрдық. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған ақ халаттыларды көріп марқайып қалдық. Бірер күн бұрын облыс орталығынан Жаңақала жедел жәрдем қосалқы станциясына соңғы үлгіде жабдықталған (медициналық аппараттармен, қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген) реанимациялық көлік берілген екен. Су жаңа көліктің кілтін аудандық аурухананың директоры Сержан Есенгубеков салтанатты түрде табыстады.
Айта кетсек, аталмыш көлік кенеттен болған жол апаты немесе аурудың өткір кезеңінде, әр минут маңызды болған кезде адамдарға тез және уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда аудандық жедел жәрдем бөлімінде 2 жоғары санатты, 2 бірінші санатты, 2 екінші санатты фельдшер қызмет атқарады. Жедел жәрдем көлігінің білікті жүргізушілері де парамедик мамандандыру оқуынан екі жыл сайын өтіп тұрады.
Яғни алғашқы көмек көрсетуге қабілетті. Аудандық жедел жәрдем қосалқы станциясы 429 бригада ұжымына мықты төзімділік, жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Ақсұңқар Сәдір,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz