29.12.2022, 16:30
Оқылды: 11

Замандастары ұмытпайды

Тасқала ауданында баскетбол спортын дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ағымдағы жылдың 24 желтоқсан күні Тасқала ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің спорт залында стритболдан I Халық ойындарының БҚО спартакиадасының жеңімпазы, қол добынан облыс чемпионатының жүлдегері және баскетболдан аудан біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Айсариев Қайрат Болатұлын еске алуға арналған баскетболдан ерлер арасында аудандық ашық біріншілігі өтті.

9

Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан,  Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының орынбасары А.Жүсіпқалиева, спорт ардагері Болат Садықов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің орынбасары Махамбет Дюсембиев, Қайрат Болатұлының ағасы А.Галиев және қарындасы Г.Абухан, достары мен спорт жанашырлары қатысты. Шара басында Қайрат Болатұлының спорттағы жетістіктері туралы айтылып, естелік бейнеролик көрсетілді.  Облыстық деңгейде өткен ашық біріншілікке 7 команда қатысты. Тартысты додаға Бөрлі және Бәйтерек ауданының құрама командалары, Ақтау және Амангелді ауылының құрамалары, Тасқала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы, Тасқала ауылынан екі команда қатысып, өз бақтарын сынады. Шара барысында аталмыш жарысты өткізуге қол ұшын созған Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің басшылығына, аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарына, Қайрат Болатұлының достары мен туыстарына ұйымдастыру алқасы алғыстарын білдіріп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Бөрлі ауданының командасы (100 мың теңге), екінші орынды Тасқала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы (70 мың теңге), үшінші орынды Тасқала-1 командасы (50 мың теңге) иеленсе, ал төртінші орынға Бәйтерек ауданының командасы табан тіреді (20 мың теңге).  Ойын барысында жақсы ойын өрнегін көрсеткен 8 спортшы түрлі номинациялар бойынша диплом мен ақшалай сыйақыға (5 мың теңге) ие болды.

Сонымен қатар, барлық командалардың спортшыларына түскі ас беріліп, ұйымдастыру алқасының шешімімен Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін орта мектепке баскетбол формасы және аудандық балалар спорт мектебіне баскетбол доптары сыйлыққа берілді.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале