Бүгін Казталов ауданында «Заң керуені» акциясы өтті. С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен акция аясында аудан тұрғындарына құқықтық кеңес берілді.
Атап айтар болсақ, БҚО прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов, БҚО прокурорының аға көмекшісі Асқар Мереке, Казталов ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев және БҚО бірқатар басқармалар мен департаменттер, «Атамекен»ҰКП өкілдері аудан тұрғындарын жеке қабылдап, көкейдегі сауалға заңды түрде жауап беріп, құқықтық сауаттылығының артуына ықпал етті. Жеке қабылдаудан соң облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың және аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтың қатысуымен келелі жиын оздырылып, БҚО прокурорының орынбасары Нұрлан Ермекбайұлының баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде «Заң керуені» құқықтық акциясының мақсат-міндеттерін атап өтті.
- Бүгін біз облыстық прокуратурамен ұйымдастырылған «Заң керуені» акциясы аясында кездесіп отырмыз. Акцияны өткізу мақсатында облыс прокурорымен уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Акцияның мақсаты: жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мəдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ əлеуметтік топтарды анықтау, прокуратураның құқық қорғау рөлін іске асыру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тəртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру. Бұндай шаралар мәселелерді жедел шешіп, тұрғындардың негізсіз сергелдеңге түсуін және өтініштердің созбалаңға салынуын болдырмауға оң ықпалын тигізеді деп есептейміз.
Бізге қойылған басты талап – азаматтардың құқықтарын қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу. Осыған орай, өңіріміздегі құқық бұзушылықтар мен қоғамдық-саяси ахуал үнемі талданады. Қылмыстылықтың және жекелеген қылмыс түрлерінің өсу жағдайлары бойынша облыстық прокуратурамен тиісті шаралар қолданылуда, - деді прокурордың орынбасары.
Нұрлан Ермекбайұлы халықтың құқықтық сауаттылығының жеткіліксіздігі салдарынан орын алған алаяқтық деректерін баяндады. Мұндай жағдай ауданымызда да тіркелген. Өзін «Форте Банк» АҚ қызметкерімін деп таныстырған алаяқ жәбірленуші аудан тұрғынының депозитінен 5 млн. теңге қаражатын заңсыз иемденген. Аталған қылмыс бойынша қазіргі таңда жедел-тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтық қылмыс үшін 4 000 айлық есептік көрсеткіш түрінде айыппұл салынады немесе 5 жылдан 10 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Жиында халық жиі ұшыраса-тұғын қылмыстық заңсыз әрекеттердің алдын алу шаралары түсіндіріліп, аудан халқының сауалдарына жауап берілді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz