Бүгін Қаратөбе ауданына «Заң керуені» акциясы аясында облыстан өкілдер келіп, халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, заңдарды түсіндіру мақсатында жиын өткізді.
Жиналысқа Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев, Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының орынбасары Арман Төремұратов, әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ибраймов, Батыс Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов, облыстық мәслихат депутаты Әлия Салиева, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудан прокуроры Алмас Таспихов қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіне сай «Заң керуені» акциясы аясында ведомствоаралық жұмыс тобы құқықтық түсінік жұмыстарын жүргізді.
– Қаратөбе ауданында қылмыс көрсеткіші өспеген. Жағдай тұрақты. Алаяқтық фактілері туралы айтатын болсақ, ол барлық жерде де кездесуде. Тұрғындар жеке хабарландыру сервистері арқылы тауар сату бойынша алаяқтыққа тап болады. Алаяқтар адамдарды алдаудың түрлі әдіс-айлаларын ойлап табуда. Олар банк қызметкері болып хабарласады да шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтып сендіреді. Немесе, сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдеу қаупі бар деп, шотыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар сеніп қалып, өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған алаяққа барлық мәліметтерін қалай жібергенін білмей қалады. Сондықтан «Сақтансаң сақтармын» демекші алаяқтардан әркез сақ болған жөн. Алаяқтық ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша жазаға тартылады. Алаяқтық қылмыстың жеңіл түрінде 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, немесе 4000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, ауыр түрінде, қылмыс бірнеше рет қайталанса, алаяқ 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімде түзеу мекемелерінде жазасын өтейтін болады. «Заң керуені» акциясының мақсаты – халықтың көкейіндегі шешімін таппай жүрген сауалдарына заң шеңберінде кеңес беріп, жәрдемдесу, - деді Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының Үкімдердің орындалуын қадағалау тобының жетекшісі, облыс прокурорының аға көмекшісі Равиль Мәжитов.
Жиналыстан кейін құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, заң шеңберінде кеңес берді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz