Қазіргі уақытта қазақстандықтардың екіден бірі несиемен күн көріп отырғаны жасырын емес. Бірінші кредиттік бюроның 2022 жылғы дерегіне сүйенсек, еліміздегі экономикалық белсенді халық санатындағы 7,2 миллион адамда несие бар. Соның ішінде шамамен 1,8 миллион адам қарызын уақтылы төлей алмаған. Несие халыққа қамыт болды. Ал 2022 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң мойындағы қамыттан арылта ала ма?
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал күрделі. Инфляция деңгейі халықтың несиеге тәуелділігін одан сайын арттыруға сеп болды. Елдегі несие саясатының әлсіздігі де мәселені шиеленістірді. 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы бірқатар әлеуметтік мәселенің бар екенін ашық, анық көрсетті. Президент бұл мәселеге назар аударып, өткен жылы 5 қаңтардағы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы 2022 жылғы ҚР Президентін кезектен тыс сайлау науқаны кезіндегі сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге нүкте қояр заң жобасы қабылданатынын шегелеп, республикалық қоғамдық штабтың отырысында да атап өтті.
Иә, Президент халыққа берген уәдесінде тұрды. 2022 жылдың 30 желтоқсанында тиісті заңға қол қойды. 2023 жылдың 3 наурызынан бастап қарызын өтей алмаған азаматтар банкроттық туралы өтініш бере бастады. Заң бойынша мынадай үш рәсім арқылы азаматтар мойнындағы несие қамытынан құтыла алады:
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімді тұрақты кірісі бар азаматтар қолданып, бес жылға дейін қарызын бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Тек борышкер қарыз көлемі мүлкінің құнынан аспауға тиіс екенін ескеруі керек. Төлем қабілетін қалпына келтіру шаралары мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.
Сот арқылы банкроттық. Бұл рәсімді қарыз сомасы 1600 АЕКтен асатын жеке тұлғалар қолдана алады. Дәлірек айтар болсақ, қарыз мөлшері 5,5 млн теңгеден асатын борышкерлер аталған рәсім арқылы өзін банкрот деп тани алады.
Аталған рәсімге қатысты ҚР Қаржы министрлігі ресми сайтындағы ақпаратты бөлісуді жөн көріп отырмыз.
«Сот банкроттығы рәсімі 5 млн теңгеден асатын (1600 АЕК) берешек бойынша қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғылы белгісі болмаса (мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.) есептен шығаруға жатады. Бірақ алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайтынын ескерген жөн», делінген.
Соттан тыс банкроттық. Бұл рәсімге қатысты «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының заңгері Бауыржан Зәкиұлы Facebook әлеуметтік желісінде арнайы жазба қалдырды.
«Наурыздан бастап елімізде жеке тұлғаларды банкрот деп тану рәсімі басталды. Яғни адамның банк, микроқаржы ұйымы және коллектордың алдындағы міндеттерін (несиесін) тоқтату және жоюға болады. Соттан тыс банкроттықты жасау үшін:
- берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы;
- соңғы 12 айда несие өтелмеуі;
- мүліктің, ортақ меншіктегі мүліктің болмауы;
- банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаттың болуы (қарызды өндіру туралы сот шешімі, атқару құжаты және т.б.);
- бұрын банкроттық рәсімі қолданылмауы қажет.
Егер сіз соңғы алты айда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алсаңыз, несиенің 12 айда төлену шарты есептелмейді. Арызды «Азаматтарға арналған үкімет», egov. kz порталына немесе БҚО мемлекеттік кірістер департаментіне жазу керек.
Арызда аты-жөніңізді, ЖСН, мекенжайы, телефон нөміріңізді, банк атауы мен мекенжайын, берешек сомасын көрсетесіз. Арызға несие бойынша қарызды өндіру туралы сот шешімін, атқару құжатын, банктің, сот орындаушының, коллектордың хаттарын және тағы басқасын жалғайсыз. Арыз бергесін, сіз туралы мәлімет 15 күнде порталға салынады. Сосын сізге банк, микроқаржы ұйымы не коллектор «Несиеңді төле» деп талап қоя алмайды. Несие бойынша тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) және сыйақы тоқтатылады. Жаңа несие ала алмайсыз, банктегі шотыңыздан ақша өндірілмейді және сізге қатысты борышты өндіру туралы сот шешімі тоқтатылады», – деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Банкроттықтың кері салдары да бар. Аталған рәсімге өтініш берген жандар бес жыл бойы қарыз және микронесие алуға тыйым салынатынын, қайта банкрот болу жеті жыл өткен соң ғана мүмкін болатынын, банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін үш жыл бойы мониторинг жүргізілетінін ескергені жөн. Микронесие алу санатына ломбардтардағы микронесиелерді алу қосылмайды.
Жалпы, заң еліміздегі несие саясатын оңтайландыруға ықпал етері сөзсіз. Халықтың да әлеуметтікэкономикалық ахуалы тұрақталар деген сенім мол. Дегенмен Казталов ауданында халық бұл заңның мүмкіндігін толық біле бермейді. Осы мәселеге қатысты белгілі экономист, ғалым, сарапшы Сапарбай Жобаев та өзінің пікірмен бөлісті.
«Егер бұл заң тиімді болмағанда, қабылданбас еді. Қазіргі уақытта керек заң. Дүниежүзіндегі өркениетті мемлекеттердің барлығында мұндай заң бар. Бүгінгі өмір талабы сол. Әрбір жердің өзінің ерекшелігі бар. Әр облыс, ауданда салық департаменттері мен басқарламалары және халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бір маман дайындалып, заңның мүмкіншіліктерін халыққа түсіндіруге тиіс», – деді экономист.
Елімізде заңдар қабылданғанымен, оны түсіндіру мардымсыз екені аян. Аудан, ауыл халқы заңды ғаламтордан оқығанымен, байыбына бара бермейді. Егер заң шеңберін қамтитын тиісті орган өкілдері түсіндіру жұмысын жетілдірер болса, халықтың да белсенділігі артар еді.
Жеке тұлғаның банкроттығы жөнінде ақпарат ҚР Қаржы министрлігі мен ведомствоның кірістер комитеті сайтында жарияланды.
Сонымен қатар 1414 (қосымша нөмір – 3) нөміріне хабарласу және Тelegramчатта SalyqBot-қа қосылу арқылы толық ақпарат ала аласыздар.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz