22.08.2023, 10:30
Оқылды: 43

Зауыт шикізатқа мұқтаж

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Бөрлі ауданына барып, бірқатар нысанның жұмысымен танысты.

минэкономики (1)

Ведомство басшысы, алдымен, Қарашығанақ кен орнында болып, негізгі нысандарды аралады. Кәсіпорын басшылығымен кездесу барысында келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы, газ өңдеу зауытының құрылысы және басқа да мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Әлібек Қуантыров кен орнының аумағында «Конденсат» АҚ-ның көмірсутек шикізатын өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Зауыттың АИ-92-К5 және АИ-95-К5 автобензиндерін, ДТ-Л-К4 және ДТ-Л-К5 маркілі дизель отынын, вакуумды газойл мен гурдон шығаруға  мүмкіндігі бар. Бұл кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 850 мың тонна өнім. Қазір зауыттың басты мәселесі – өндірістің толық қуатында жұмыс істеуі үшін шикізат (конденсат) жетіспей отыр. Себебі Қарашығанақ кен орны шикізатының бағасы қымбат.

Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім бойынша жұмыс істейтін «ҚПО б.в.» компаниясы ішкі нарыққа шикізат жеткізуге міндеттеме алмаған. Сондықтан конденсатты ішкі нарыққа тиімсіз бағамен ұсынуда. Осының сал-дарынан зауыт тоқтап тұр. Ал толық қуатында жұмыс істейтін болса, БҚО-ны бензинмен (92/95 маркалы) және Еуро-5 класты дизель отынымен толық қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар мемлекеттің ресейлік жанар-жағармайды сатып алуға кететін шығынын азайтуға (жыл сайын 400 мың тоннаға жуық импортталады) және қысқы дизель отынының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Орынбор ГӨЗ-дағы және Ресейдің Новороссийск портындағы олқылықтарға байланысты Қарашығанақтағы өндірісті тоқтату немесе қысқарту тәуекелдерін барынша азайтуға болады. Мұнда зауытқа қызмет көрсететін сервистік компаниялардың қызметкерлерінен басқа 500 адам жұмыс істейді. Директорлар кеңесінің төрағасы Дина Галиметденова зауыттың қалыпты жұмыс істеуі үшін жылына 600 мың тонна шикізат жеткілікті екенін атап өтті.

Министр Әлібек Қуантыров одан соң «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС-ның мұнай-газ және энергетика өнеркәсібі үшін бекіту арматурасы мен клапандар өндіретін және жөндейтін зауытына барды. Былтыр ашылған зауыт 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Бастапқы жоспар бойынша жылына 500 клапан өндіру керек болса,  өнімді біртіндеп 3500 бірлікке дейін жеткізбек. Зауыт пен аймақтағы ірі мұнай-газ операторлары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сапар барысында министр Ақсай қаласының жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Аудан орталығындағы «Ақсайжылуқуат» МКК-ның меншігіндегі орталық жылу қазандығын көрді. Бұл нысан 2016 жылы пайдалануға берілген. Ол жылыту маусымында көпқабатты 77 үйді, 12 әлеуметтік және шағын, орта бизнес нысандарын жылумен қамтамасыз етеді. Мұнда әрқайсысының қуаты 10 МВт болатын 4 қазандық орнатылған. Аудан басшылығы министрге электр энергиясының резервтік көзінің, яғни шағын газ турбиналық электр стансасының (ГТЭС) қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта тұтынылатын электр қуатының көлемі – 7800 МВт. ГТЭС кәсіпорынның электр қуатын сатып алу шығындарын қысқартуға және жылыту маусымынан кейін қаланы аз шығынмен ыстық сумен жабдықтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын басшылығы министрден «Ақсай жаңғырту» ЖШС-ын жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының тізбесінен алып тастауды сұрады. Аталмыш кәсіпорын жаңғырту бағдарламасының операторы саналады. Бірінші жартыжылдықта Ақсайда 10 жеделсаты (лифт) іске қосылған. Қазір көпқабатты екі үйдің шатыры жөнделуде. Жүргізілген талдауларға сәйкес Ақсай қаласында көпқабатты 80 үйдің шатыры жөнделуі қажет. Сондай-ақ 18 үйдің коммуналдық желілері күрделі жөнделуі және 71 лифті ауыстырылуы керек.

– Сапар барысында байқағаным, бір облыста айтылған мәселелер басқа өңірлерде де кездесуде. Сондықтан біз оларды жүйелік деңгейде қарастырамыз. Немесе Астанаға оралған соң тиісті мемлекеттік құрылымдармен талқылап, әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істейміз. Мәселелерді барынша қысқа мерзімде шешуге  тырысамыз. Біздің міндетіміз – тәуекелдерді азайту, инфляцияны азайту, қаражат бөлу, мәселелердің қайталанбауы және тиісті деңгейде шешілуі үшін барлық жағдайды жасау, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Мария Пирог,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале